Қатысушылар «Qarly tauseruen» турнирінде күш пен төзімділікті паш етті
Қарағанды қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін қысқы тау спорт түрлерінен «Qarly tauseruen» турнирі ұйымдастырылды. Биылғы жарыс Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және халық қаһарманы, аңызға айналған жауынгер әрі қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналды. Аталған спорттық шара патриоттық рухты, тарихи жадыға тағзымды және салауатты өмір салтына ұмтылысты өз бойына тоғыстырды.
Турнир бағдарламасы мазмұнды әрі қатысушылардан жоғары физикалық дайындықты, рух беріктігін және командалық үйлесімділікті талап етті. Жарыс аясында қатысушылар 4,3 шақырымдық таулы-белесті жермен жүгіруден, командалық түрде дивизиялық зеңбіректі итеруден сондай-ақ садақ атудан сынға түсті. Спорттық бәсекелерге Қарағанды қаласының спортшылары, гарнизонның әскери қызметшілері және қала белсенділері қатарынан 70-тен астам адам қатысты. Қатысушылар ауа райының қолайсыздығы мен таулы жер бедерінің қиындығына қарамастан жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, лайықты нәтижелерге қол жеткізді. Ең күрделі әрі әсерлі сайыстардың бірі – салмағы 1 200 келі болатын 1942 жылғы үлгідегі 76 мм ЗИС-3 дивизиялық зеңбірегін итеру жарысында 50185 әскери бөлімінің командасы ерекше көзге түсіп, бірінші орынды иеленді. Әскери қызметшілер ұйымшылдық пен тамаша командалық жұмыстың үлгісін көрсете отырып, тапсырманы қысқа мерзімде орындады. 50185 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қамшымен қолды бүгіп-жазу, серпілу сайысында да жоғары нәтижелер көрсетті. Лейтенант Дмитрий Васенко 66 рет қайталау жасап, екінші орынды иеленсе, лейтенант Адай Майкен 65 рет орындап, үшінші орынға тұрақтады.
– Біздің бөлімнің әскери қызметшілері мұндай спорттық-бұқаралық шараларға үлкен ықыласпен қатысады. Осындай турнирлер тек дене шынықтыруды нығайтып қана қоймай, командалық рухты, төзімділікті және еліміздің қаһармандық өткенімен мақтану сезімін қалыптастырады, – деді 50185 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, аға лейтенант Айбек Төлеген.
31775 әскери бөлімінің сержанты, 3-сыныпты Тимур Ержанов та өз әскери ұжымын лайықты деңгейде таныта білді. Ол 4,3 шақырымдық таулы-белесті жүгіру сайысында 34 минут 22 секунд нәтижемен бесінші орынға ие болды. Қашықтықтың қосымша қиындығы – Бауыржан Момышұлы шыңына дейін көтерілу қажеттілігі болды. Бұл тапсырма қатысушылардан тек физикалық төзімділікті ғана емес, сонымен қатар моральдық беріктікті де талап етті. «Qarly tauseruen» турнирінің өткізілуі спорттың, патриоттық тәрбиенің және тарихи жадыны сақтаудың үйлесімді түрде тоғыса алатынын айқын көрсетті. Мұндай шаралар әртүрлі мамандық пен жастағы адамдарды ортақ құндылықтар мен мақсаттар жолында біріктіреді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

