Ата заң – айбынды елдің арқауы
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданының Орталық саябағында Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған кең ауқымды форум ұйымдастырылды. Шараға үш мыңға жуық тұрғын қатысып, тұрғындарға заңгерлер тарапынан тегін құқықтық кеңестер берілді. Форум аясында жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант беріп, полиция мен әскери қызметкерлер марапатталды. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектерге білім гранттары табысталды.
Патриоттар форумы салтанатты түрде ашылып, өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтауымен басталды. Ол өз сөзінде Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толуына орай, ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, азаматтарға жүрекжарды тілегін білдірді.
– Ата Заңымыздың 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Конституция – тәуелсіз еліміздің құқықтық негізі, қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің тірегі. Отыз жыл – бұл аз уақыт емес, тұтас бір ұрпақ өсіп, білім алып, отбасын құрып, ел дамуына үлес қосатын кезеңге жетті. Бұл – маңызды тарихи белес, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Мерекелік форум аясында өңірдің үздік учаскелік инспекторлары да марапатталды. Қызметіне адалдық пен жоғары жауапкершілік танытқан тәртіп сақшыларына құрмет көрсетіліп, әрқайсына екі миллион теңгеден сыйақы табысталды. Бұл – олардың ел алдындағы ерен еңбегіне берілген әділ баға.
– 2015 жылы Қарағанды академиясына түсіп, 2019 жылы оқуымды аяқтадым. Сол уақыттан бері Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінде полиция инспекторы қызметін атқарып келемін. Бүгінгі марапат – мен үшін үлкен құрмет, әсіресе оны облыс әкімінің қолынан алу ерекше әсер сыйлады. Бұл – тек менің емес, бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға деп білемін. Қарағанды тұрғындарына, жалпы Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант етемін, – дейді үздік полиция инспекторы Серіжан Жандосұлы.
Форум аясындағы әсерлі сәттердің бірі – мектеп түлектеріне гранттар табыстау болды. Облыс әкімінің стипендиясы жас түлектерге жоғары білімге қадам басуға үлкен мүмкіндік сыйлап, олардың болашағына сенімді жол ашты. Бұл – білімге құштар жастарды қолдаудың айқын көрінісі.
– Мен 17 жастамын. Бүгін – мен үшін ерекше әрі үлкен мәртебе. Бұл грантты иеленгеніме шын жүректен қуаныштымын. Бұл жай ғана қуаныш емес – зор мақтаныш пен шабыт. Бүгінгі салтанатты шараның дәл осындай маңызды күні өтуі де ерекше әсер қалдырды. Мемлекет үшін маңызды сәтте осындай қолдауға ие болу – үлкен жауапкершілік, – деп атап өтті грант иегері Таисия Слободянюк.
Форумның маңызды сәттерінің бірі – қызметке алғаш қабылданған жас мемлекеттік қызметшілердің салтанатты ант қабылдауы болды. Бұл рәсім ұрпақтар сабақтастығының мызғымас символына айналып, болашаққа деген сенімді нығайтты. Сонымен қатар, қала тұрғындарына арналған тегін құқықтық кеңес беру шарасы ұйымдастырылып, қатысушыларға маңызды ақпараттар берілді. Мерекелік күннің соңында «МузАрт» тобының өнер көрсетуі форумның ерекше финалына айналды: олардың әндері көрермендердің жүрегіне қуаныш пен бірлік сезімін жеткізді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»