Ата-баба аманаты: Қарағанды облысында тарихи кесенелер жаңғырып келеді

Қарағанды облысында биыл бес тарихи кесене қайта жаңғыртылуда. Бұл бастама – өңірдің бай рухани мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам. Тарихи нысандарды қалпына келтіру ісі тек мәдени мұраны қорғау емес, сонымен қатар аймақтың туристік әлеуетін арттыруға да жол ашпақ.

Қасиетті Сарыарқаның төсінде сан ғасырлық тарихты сақтаған талай ескерткіш бар. Солардың бірі – Саран қаласы маңындағы Игілік би мазары. Биыл мұнда реставрация жұмыстары толық аяқталып, кесене жаңа келбетке енді. Қабырғалары бекітіліп, айналасы абаттандырылды.

– Бұл нысан – тарихпен етене танысуға үлкен мүмкіндік. Көптеген мазарлар қаладан шалғайда болғандықтан, оларға жету қиын. Ал Игілік би кесенесі Қарағандыға жақын орналасқан, сондықтан келушілер үшін қолайлы, – дейді Қарағанды облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының бас инспекторы Жанболат Мәжитов.

Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар – тарихи жәдігерлерді сақтау мен халықтың тарихи санасын жаңғыртудың нақты көрінісі.

Бүгінде облыстың үш ауданында – Ақтоғай, Шет және Нұра өңірлерінде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Шет ауданында – Олжадәулен мен Баубек батыр мазарлары, Ақтоғай ауданында – Асылбек қорымы, ал Нұра ауданында – Шонжар мазары жөнделуде.

– Біз ең алдымен ескерткіштердің беріктігіне мән береміз. Қажет тұстарда қабырғаларды қайта көтеріп, қоршаулар орнатамыз. Бұл мал мен табиғи әсерден қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар кесенелерді туристік бағыттарға енгізуге жол ашады, – дейді Жанболат Мәжитов.

Жергілікті тұрғындар да бұл игі іске бейжай қарамайды. Көпшілігі мұндай жұмыстардың арқасында ауыл маңындағы көне мазарларға күтім жасалып, олардың тарихи маңызы қайта арта түскенін айтады.

Мәдениет басқармасының мәліметінше, қалпына келтіру жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады. Алдағы уақытта облыс аумағындағы басқа да маңызды археологиялық және сәулет ескерткіштерін жаңарту жоспарланып отыр.

Бұл жобалар – өткеннің ізімен бүгінге жол салу, тарихқа тағзым ету. Себебі әрбір кесене – ұлттың жадында қалған бір дәуірдің белгісі, ел мен жер тарихының айғағы.

Қарағанды облысында жүріп жатқан бұл жұмыс – ата-баба аманатына деген құрметтің, рухани жаңғырудың нақты көрінісі.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»