Ғасыр жасаған ардагер

Қарағанды қаласында «Астана» өңірлік қолбасшылығының, Қарағанды облысы бойынша Қорғаныс істері департаментінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Талғат Бигелдинов атындағы Әскери колледждің тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Андреевич Шелудяковты ғасырлық мерейтойымен құттықтады.

Салтанатты әрі жылы жүздесу барысында мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хаты табысталды. Әскери қызметшілер ардагерге соғыс жылдарындағы әндерді орындап берді. Бұл әндерді Виктор Андреевич ерекше ықыласпен қосыла айтып, жастық шағындағы майдан күндерін еске алды.

– Осындай тосын сый үшін зор алғысымды білдіремін. Бұл әндердің әрқайсысы әлі де жадымда. Сіздерге абыройлы қызмет пен ең бастысы – ашық аспан, бейбіт өмір тілеймін, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Шелудяков.

Кездесу әсіресе Әскери колледж курсанттары үшін тағылымды болды. Олар ардагердің майдандағы фотосуреттерін қызығушылықпен тамашалап, оның ұлы Сергей Викторовичтің әкесінің соғыс және соғыстан кейінгі өмірі жайлы әңгімесін мұқият тыңдады. Сондай-ақ сол бір қиын кезеңдегі әскери қызмет пен тұрмыс жайында көптеген сұрақ қойды. Бүгінде Виктор Андреевич – үлкен әрі тату отбасының тірегі. Оның бір ұлы, бір қызы, төрт немересі, тоғыз шөбересі және бір шөпшегі бар. Бұл – оның өмір жолы мен өнегесінің жарқын жалғасы. Шелудяков Виктор Андреевич 1925 жылғы 16 желтоқсанда Саратов облысы Ершов ауданының Перекопное ауылында дүниеге келген. 1931 жылдан бері Қарағанды қаласында тұрады. Майданға 1943 жылы шақырылған. 1944 жылдың мамырынан 1945 жылдың наурызына дейін 4-Украин, 1-Балтық және 2-Беларусь майдандарында радиобайланыс бөлімшесінің командирі ретінде жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан. 1945 жылы Кёнигсберг қаласы маңындағы шайқастарда ауыр жараланып, сол жылдың қыркүйек айына дейін ем қабылдаған. Ерлігі мен батылдығы үшін I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Беларуссияны азат еткені үшін», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен және мерейтойлық наградалармен марапатталған. 1945 жылы жарақатына байланысты әскер қатарынан босатылған. Виктор Андреевичтің бейбіт еңбек жолы 1949 жылдың ақпанынан 2007 жылдың желтоқсанына дейін үздіксіз жалғасып, Қарағандыдағы «Союзшахтоосушение» кәсіпорнымен тығыз байланысты болды. Ол әртүрлі қызмет атқарып, адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Мұндай кездесулер – Жеңіс әкелген аға буынға көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа арналған отансүйгіштік сабағы, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып, Отанға қызмет етудің маңызын еске салатын тағылымды шара.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»