ҚАСЫМНЫҢ ҚАЙРАН ӘНДЕРІ-АЙ

Семей өңірінде жарық көрген «Тарбағатай әуендері» атты жинаққа жергілікті сазгерлердің Қасымның өлеңіне жазылған екі әні енген екен. Бірі – «Айтшы, жаным», екіншісі – «Жүрек сыры». «Айтшы, жаным» Советжан Түсіповтікі. «Жүрек сыры» Қанапия Қайырбаевтікі. Арада біраз уақыт өткенде «Айтшы, жаным» әнінің авторы Советжан Түсіпов жайлы білетін адам табылды. Бақсақ, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Есмұханбет Смаилов ағамыз екен.

– Әкімшілік (Семей қаласының әкімдігі – Е.Қ) жергілікті композиторлардың әндерін шығарған екен «Тарбағатай әуендері» деген жинақ қылып. Осының ішінде Қасымның сөзіне жазылған екі ән бар екен: бірі – «Айтшы, жаным», екіншісі – «Жүрек сыры». Нотасымен беріпті. Мен Семей қаласының Ақсуат деген (қазіргі Тарбағатай ауданы) ауданының тумасымын. «Айтшы, жанымды» шығарған Советжан Түсіпов – көрші ауылдың тумасы. Яғни, Сұлутал елді мекенінде туған. Біз оқып жүргенде, көктемгі демалыс күндері көркемөнерпаздар үйірмелері арасында байқау өтті. Барлығы өнерін көрсетті. Сол байқауда Советжанның «Айтшы, жаным» әні орындалды. Бұл – 1959- 1963 жылдар аралығы. Советжан ол кезде мектеп оқушысы болатын. Содан ол Семей пединститутының физикаматематика факультетіне түскен. Бір күні Семейде оқып жүрген студенттер ауылға Советжан Түсіповтің «Айтшы, жаным» атты әнін алып келді. Халыққа бірден тарады. Бір жылдан кейін Қазақ радиосынан Ришад Абдуллиннің орындауында жарық көрді. Ол кездері радиода «Жаңа ән үйренеміз» деген айдар болатын. Барлығымыз ән үйренеміз. Сол кезде барлық тыңдарман қағаз бен қаламын дайындап отырады. Алдымен сөзін жазғызады әннің. Онан соң барып халық болып, ел болып бірге шырқаймыз әнді. Сондай дәстүр болатын. Кейін қалды ол. Халық бұл әнді Шәмшінің «Қаракөзімен» бірге айтты. Сол деңгейде. Содан ол кісі пединститутты бітіріп елге келіп, туберкулезден қайтыс болды. Міне, қырық жыл өтіпті. Сол ән көп айтылмай жүр қазір.

Мұхтар Мағауиннің: «Надан редактордың қырсығынан», – деп жазатыны бар ғой. Сол секілді, Қасым Аманжоловтың 2003 жылы жарық көрген «Дариға, сол қыз» атты кітабында біраз қателік бар екен. «Айтшы, жаным» деген өлеңінің екінші және үшінші шумағын бұзып жіберген.

Айтшы, жаным, неден көңілің қалдырдым,

Айтшы, жаным, не деп серттен тандырдым? – деген жолдан кейінгі:

Айтшы, жаным, не жазыппын мен саған,

Неге мұнша жүрегімді жандырдың? – деген жолдарды келесі шумаққа қосып жіберген. Бұл – редактордың өрескел қателігі. Қасымға қиянат жасап отыр. Үшінші шумақтың:

Айтшы, жаным, қысып, құшып сүйгенде,

Жанбады ма, болмады ма тілегің? – деп келетін өлеңнің соңғы жолдары бөлек шумақ болып кеткен. Бұл өлеңнің дұрыс нұсқасы – мынау:

Айтшы, жаным, неге тайдың сертіңнен?

Айтшы, жаным, от шығарып бетімнен.

Айтшы, жаным, біліп қана кетейін,

Өлсем-дағы сенің салған дертіңнен!

Айтшы, жаным, неден көңілің қалдырдым?

Айтшы, жаным, не деп серттен тандырдым?

Айтшы, жаным, не жазыппын мен саған,

Неге мұнша жүрегімді жандырдың?

Айтшы, жаным, неге суыды жүрегің?

Айтшы, жаным, талды ма әлде білегің?

Айтшы, жаным, қысып, құшып сүйгенде,

Жанбады ма, болмады ма тілегің? 1

935 жылы Оралда жазылған. Былтыр қазақ газеттерінде Қасым туралы небір керемет материалдар басылды. Соның бірі Ақұштап Бақтыгерееваның «Егемен Қазақстанға» шыққан бір беттік үлкен мақаласында былай деп жазылыпты: «Қасым Оралда қызмет істеп жүрген кезінде Мағрипа Кенжеғалиева деген қызға ғашық болады. Бірақ сұлу қыз салт басты, сабау қамшылы, әлдеқайдан келген жалғыз жігітпен өмірін бірге өткізуге ықыласты болмайды. Сонда ақын «Айтшы, жаным» өлеңін жазып кеткен екен». Мазмұнына қарағанда, «Әлде…» деген өлең де сол кісіге арналған сияқты. Жас кезімізде осы өлеңдіде

«Айтшы, жаным» әнімен бірге айтушы едік. «Сұлу қыз, Қасым Алматыға кетіп бүкіл елге мәлім атақты ақын болғанда, өкінген екен», – депті Ақұштап. «Айтшы, жаным» әнінің авторы – бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданының (қазіргі Тарбағатай ауданы), Сұлутал елді мекенінде туып өскен Советжан Түсіпов деген азамат. Руы Бес Байыс Найман ішінде Қыржы деген ел болады. Семей пединститутының физика-математика факультетін оқып бітірген болатын. «Айтшы, жаным» әні Советжанның әні екенін бүкіл Ақсуат елі куәландыра алады. Советжан ертеректе қайтыс болды. Менен 4 жастай үлкен болатын, тірі болса, бұл күндері 70-тің мөлшерінде болар еді. «Айтшы, жанымнан» басқа «Тянь-Шаньның асуы сен бе едің, сенбедім» деген әнінің сөзі мен нотасы менде бар. 9-класта оқып жүрген кезімде, аудандық газетке басылып еді, сонда көшіріп алған болатынмын. Әуенді ән еді, 50 жылдай айтпағаннан соң ұмытып қалыппын. Әншілердің арасында Ақсуатта туып өскен ағайынды Құжымановтар, Клара Төленбаева, Майра Ілиясова, Еркін Шүкімановтар осы менің айтқандарымды куәландыра алады. Дәрібаевтардың бұл әнге орындағанынан басқа еш қатысы жоқ. «Қазақстан» телеарнасында Айгүл Иманбаева мен Жеңіс Сейдуалиевттар жүргізген «Кеш жарық!» бағдарламасының Қасым Аманжоловқа арналған арнаулы кешінде, 16 маусым күні Алматыда Гүлбаршын Тергеубекова ұйымдастырып өткізген «Қасымның әндері-ай» деген үлкен концертте Сейіл Аяғанов осы әнді Советжан Түсіповтің әні деп екі рет айтып шықты. Бұрын, ертеде Ришат Абдуллин, Дәнеш Рақышовтар радиодан айтатын. Содан 30 жылдай болды айтылмай кеткеніне». Қасымның «Әлде…» деген өлеңі бар. «Айтшы, жаным» мен «Әлде…» – бір қызға арналған өлең. Бала кезімізден қосып айтатынбыз бұл екі әнді. Былай келеді бұл ән:

Әлде менің махаббатым харам ба?

Әлде көңілім сен дегенде сараң ба?

Әлде менің адамшылық арым кем

Дос болуға, сірә, сіздей адамға?

Әлде сенен басқа жарды сүйдім бе?

Сенен ұрлап жүректе сыр түйдім бе?

Әлде, мүмкін, дұшпан сөзін құп көріп,

Сабырсыз боп жоқ нәрсеге күйдің бе?

Әлде, мүмкін, тұтылды ма алтын күн?

Ай күңгірт боп, басты ма кеп қара түн?

Әлде, мүмкін, шалқып жатқан дарияға

Күйе түсіп, қаптады ма көк түтін?

Бұл өлең де 1935 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Қасымның өлеңдерін 1955 жылы жарық көрген жинағынан оқу керек. Ең дұрыс нұсқасы – сол. Кейіннен шыққандардың көбісінде қателік бар. Бұл жағдайдан кейін Сейіл Аяғанов бауырыма хабарластым. Әннің тарихын айтып, дұрыс нұсқасын бердім. «Орындап көр», – деп қолқа салдым. Бір күні хабарласып, «Кеш жарық!» атты бағдарламада орындайтынын айтты. Таспаға жазып әкелді. Керемет орындап шықты. Міне, бұл әннің тарихы осылай, – деп сөзін тәмамдады ағамыз.

P.S. Ұлы математик Джон Форбс Нэштің Нобель сыйлығын алып тұрып, математика да, физика да емес, ұлы махаббат туралы сөз сөйлейтіні бар ғой. Есмұханбет Смаиловтан да сондай сипат байқадық. Математик, физиктің поэзия, ән туралы түсінігі кейбір әдебиетшілерден де биік екенін іштей мойындайсыз. Мойындамасқа шара бар ма?

Ерболат ҚУАТБЕК,
«QH»