Асыл тұқымды мал көбейді
Қарағанды облысында биыл асыл тұқымды алты репродуктор мен төрт жаңа мал шаруашылығы кешенін ашу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде ет пен сүт өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығы саласын дамыту туралы аппараттық кеңесте Ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров баяндады.
Ведомство басшысының мәліметінше, өңірде 4 айда 94,4 мың тонна сүт, 26,3 мың тонна ет, 221 млн дана жұмыртқа өндірілген.
Асқар Санаубаров фермерлік шаруашылықтарда мал, оның ішінде асыл тұқымды мал саны артып келе жатқанын атап өтті. Бұған Аграрлық несие корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау ықпал етеді. Биыл 1 742 бас ірі қара және 2 316 жылқы сатылып алынды.
– Тұқымдық түрлендіру, селекцияны ынталандыру жолымен асыл тұқымды мал басын көбейту жұмысы жалғасуда. 2026 жылға дейін мал шаруашылығы саласында 1 350 жұмыс орнын құрумен 43 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биыл оның 10-ы іске асырылуда: асыл тұқымды алты репродуктор және төрт мал шаруашылығы кешені құрылатын болады. Бұдан басқа ауылшаруашылығы жобалары әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы қаржыландырылатын болады, осындай тетік бойынша екі тауарлық-сүт фермасын салу жоспарланған, – деді Асқар Санаубаров.
Ол сондай-ақ алдағы уақытта мал азығын жинау туралы айтты. Өңірдегі мал шаруашылығы саласын 1,9 млн тонна шөппен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар облыста жемшөп дақылдарының алқабы көбейді.
Облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды мал басын көбейту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.