ҚАСТЕРЛІ ҚАРАҒАНДЫ
Кен байыту ошақтарының орны осы жерлердегі топонимикалық атаулардан да хабар беріп тұр. Қарағанды қаласының іргелес орналасқан Майқұдық, Тоғызқұдық, Тұзқұдық атаулары жиі кездеседі. Металды байытуға, қорытуға ертедегі металлургтер суды құдықтардан алған. Құрғақ климатты жағдайда, жазда өзен суы тартылып қалғанмен аллювальды жыныс астында өзен үздіксіз ағып жатады. Жергілікті жердің осы ерекшелігін білетін ерте дүние кеншілері құдықтар қазып алатын болған.
ХVІІІ ғасырдың ортасында Орал бойында орыс тау-кен кәсіпкерлерініің түсті және қара металлды балқылататын заводтары ашыла бастады, міне осы заводтарға қажетті шикізатты табу үшін ежелгі замандағы «қалмақ қазған» кен орындарын іздеу және оны зерттеу басталады. Қазақстанда археология ғылымның негізін салушы орыс шығыстанушылары В.В.Бартольд, В.В. Радлов жєне П.И.Лерхтер болды. Осы кезеңнен бастап бұл жерлерге көптеген зерттеушілер келеді. Екінші академиялық экспедицияның мүшелері, оның ішінде И.П Фальк, Х. Барденес, И.Г. Георги, П.И.Рычков жєне басқалар болды. Қазақстанды археологиялық зерттеулер жұмысын 1768 –1774 жылдар екінші академиялық экспедициясы жалғастырды. Бұл зерттеушілердің еңбектерінде статистикалық мәлімет ретінде Қарағанды басы жері туралы да мәліметтер бар. ХІХ ғасырдың соңында осы өңірде Батыс Сібір генерал-губернаторлығының ерекше тапысырысын атқарған А.Гейнс еңбегінде Қарағанды өңірінің статистикалық мәліметтері берілген.
ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бастап Қазақстан территориясына КСРО Ғылым академиясы үлкен экспедиция ұйымдастырды. Оның құрамында М.П.Грязнов, М.И.Ортомонов, И.В.Спицин, М.Н.Комарова, П.С.Рыков сияқты белгілі ғалымдар болды. Міне, тарих қойнауына көз жүгіртсек сонау ықылым заманнан бастап Қарағанды өңірі белгілі болған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейде өндіріс орындарының дамуына қатысты, сонымен бірге Қазақстанның осы елге қосылуы жаңа экономикалық өзгерістер әкелді. Ресей капиталы күнен-күнге қарыштап дамып, көршілес елдерге көз қырын салып қызығушылығын арттырды. Ресей кәсіпкерлері Т.Зотов, А. Рязанов, Н. Ушаков 1852 жылы Екатеринбург қаласында пайдалы қазбаларды өндірудің ашық компаниясын құрады. Нілді мекені Байзақ байдан 86 күміс ақшаға, ал 1856 жылы Н. Ушаков Қарағанды басы жерін 255 күміс ақшаға Игілік байдан, сонымен бірге Саран жері 114 сомға сатып алды. 1857-1861 жылдары Қарағандыдан 35 шақырым оңтүстік бағытта Спаск мысқұю зауыты, ал Қарағанды басы – көмір кеніштері, Нілдіде — Өспен мыс кен орны ашылды.
Қарағанды көмір өндірісі 1857 жылы бере бастады, бұл алғашқыда мыс өндіруге өте қажет болды. Көмір өндірісі қарпайым және тонаушылық тәсілмен өндірілді. Оның ең көп көмір қабаты жер бетінен 4 метр ғана тереңдікте болды. Бұл «Жоғарғы Марианна» деп аталды.
М. Крассовский дерегі бойынша: « … Қарағанды кен орындарында көмір 8-14 аршын тереңдіктен алынды, бұған кәсіпкерлер 2,5 — 10 тиын ғана шығын жұмсады. Бұл кен өндіру техникасының қарапайым болғандығын көрсетті»
1859 жылы — 1850 т. көмір өндірлісе, 1860 жылы – 444 т, 1863 жылы – 4978 т., ал 1868 жылы – 5,3 мың т., 1869 жылы – 2,2 мың т. көмір өндірілген. 1867 -1887 жылдар аралығында 302,8 мың тонна көмір өндірліген.
ХІХ ғасырдың соңында кен өндірісіне сұранысы бұрынғыдан да күшейді және өндіріс орындарына жергілікті халық көптеп тартыла бастады. Бұл арзан жұмысшы күшін пайдаланга отырып, көп пайда әкелуге мүмкіндік туғызды. Француз инженері Ж. де Кателен жазбасында: «Арзан жұмысшы күшін пайдалану өндірістің шығынын арзандатады, әсіресе бұл қырғыз даласындағы кен орындарына қолданған тиімді».
ХХ ғасыр басында бұрынғы Ресей кәсіпкелерінен француз Сади Карно осы өңірдегі кен орындарын 766 мың сомға сатып алады. 1907 жылы Саран, Қарағанды, Өспен және Спаск мыс кен орындарын ағылшынның «Спаск мыс рудалары» акционерлік қоғамына сатып жібереді.
Қарағанды өңірін дамытудың жаңа кезеңі Кеңес өкіметі орнаған соң басталды деуіміз керек. РСФСР Халық комиссарлары Советінің төрағасы В.Лениннің 1918 жылғы 11 мамырдағы қол қойған қаулысы жалғыз Спасск мыс қорыту зауытын мемлекет қарамағына алу туралы ғана емес, жалпы Қарағанды аймағында экономиканы социалистік тұрғыда құрудың негізін қалады. Қарағанды мекені 1920 жылдардың басында бір-бірінен алшақ орналасқан орыстар, украиндар, қазақтар мекендейтін Үлкен Михайловка, Ескі Тихоновка, Зеленая Балка деп аталған басқа да бірнеше шағын елді мекендерден тұрған. Осы елді мекендердің тұрғындары бүлінген, қираған өнеркәсіп орындарын қалпына келтіру бастамасын бір ауыздан қолдап, өздерінің ортақ іске үлес қосылуға әзір екендіктерін білдіріп, Спасск заводының жұмысшыларына хат жолдайды.
Қарағанды аймағын бейбіт тұрғыда дамыту осыдан соң нақты арнасына түседі. Сол кезде-ақ, аймақтың индустриалдық даму келешегі табиғи байлықтарын терең зерттеуге байланысты екендігі білінген еді.
Қарағанды өңіріне елдің назарын аудартқан, аймақты игеруді жедел қолға алудың қажеттігін ғылыми тұрғыда дәлелдеп шыққандар — барлаушы-геологтар болған еді. Негізі Қарағанды аймағы дегенде тек ондағы көмір кенішімен ғана шектеліп қалсақ, онымыз мәселені толық ашып көрсетпегеніміз болар еді. Қарағандының мол отын қоры жалпы өңірдің индустриясын дамытудың қайнар көзі болды.
Не нәрсе болмасын алдымен энергия көзінен қуат алуы қажет. Ал Қарағандының таскөмірі нағыз энергия көзінің өзі еді
1910 жылы Петербургтің таукен институтын бітірген А.Гапеев арнайы тапсырма бойынша 1917- 18 жылдары-ақ қазақ даласында, соның ішінде Сарыарқадағы Қарағанды өңірінде болады. Оның осы өңірдің мол жерасты қазба байлығы туралы ұғымы сол сапарында-ақ қалыптасады. Ал 1920 жылы оған арнайы геологиялық барлау экспедициясына жетекшілік ету тапсырылғанда ол өзін үлкен болашақ күтіп тұрғанын білді. Гапеев өзінің ғылыми, геологиялық қызметінің мәуелі жемісі Қарағандымен байланысты боларын ұқты. Шынында да Гапеевтің бұдан кейінгі бар өмірі Қарағандымен сабақтас болды. Ол сол 1920 жылы басталған геологиялық барлау қызметін өмірінің соңына дейін жалғастырды десе болады.
алғастырды десе болады. Қарағанды кен байлығы туралы пікір әлі де нақтыланбаған, екі ұдай еді. А.Гапеевтің алты адамнан тұратын экспедициясы (құрамында геолог В.Лугутин, әйелі М.Гапеева және үш жұмысшы болды) небары үш аптаның ішінде өңірдің шын мәнісінде мол қазына қоймасы екендігіне көз жеткізеді. Сол негізде бұрынғы қалыптасып қалған ұғымды бұзып ресми түрде Қарағанды кенішінің болашағы зор, байлығы мол орын екендігін дәлелдейді. Гапеевпен оның әріптестері көмір қыртысының Майқұдықтан Саран және Соқырға дейінгі созылған 25 шақырымды қалабы барын анықтайды, оның 9 көмір қабатынан тұратындығын ғылыми тұрғыда сипаттайды. Таскөмір қорын ғана анықтап қоймай, оның химиялық құрамына да сипаттама береді. Қарағанды көмірінің қоры қанша деген сауалға да алғаш жауап берген Гапеев болатын. Оның жасаған болжамы бойынша сол 1920 жылы ақ Қарағандыбасы өңіріндегі көмірдің жалпы қоры 4,25 миллиард тонна деп бағаланды. Сол бойынша Гапеев бұрынғы қалыптасқан қасаң қағиданы бұзады, ол Қарағанды көмірі тек Спасск мыс қорыту заводын және жергілікті басқа да мұқтаждарды ғана емес, осы өлкедегі барлық аудандарды энергия көзімен қамтуға, тіпті Оңтүстік Оралдың да шикізат көзі болуға жарайды деген батыл тұжырым жасаған.
Гапеевтің бұл тұжырымдары мен зерттеу еңбегінің қорытындысы 1922 жылы жарық көрді. Солай болса да Орталық 1930 жылға дейін Қарағанды аймағында іздестіру-зерттеу жұмыстарын қолға алмаған. Тиісті орындардың Қарағандыға көңіл бөлмеуі, оны ірі кен орны ретінде игеруді қолға алмауы Гапеевті қатты алаңдатады. Өзі Мәскеуде жүрген жылдарында назарды Қарағандыға аударту бағытында табанды жұмыс жүргізген. Оның талап етуі және ұсынысы бойынша 1927- 1929 жылдары өңірдің алғашқы топографиялық суреттері түсіріліп, картасы жасалды.
Темірғали АРШАБЕКОВ.
Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.