Ассамбляның 30 жылдығына арналған марафон
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Қарағанды қаласында ерекше сипат алды. Ту тұғырының артында орналасқан Алаш алаңында жыл сайынғы дәстүрге айналған республикалық «Бірлік жүгірісі – 2025» спорттық шарасы өтті. Бұл ауқымды марафон еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті, татулық пен келісімді дәріптейтін айтулы оқиғаға айналды.
Биылғы іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналды. Бұл ұйым – этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтудың басты тіректерінің бірі. Сондықтан мерекелік марафон да сол келісім мен достықты, денсаулық пен ортақ құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Жүгіруге облыстық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, танымал спортшылар, қоғам белсенділері мен қарапайым қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар екі шақырымдық қашықтықты еңсеріп, белсенділік танытты. Бұл — жасы мен кәсібіне қарамастан, ел азаматтарының ортақ мақсатқа ұмтылғанының көрінісі.
Марафон аясында қатысушылардың арасында әртүрлі жастағы азаматтар болды. Соның бірі – 71 жастағы Сәкен Келдібаев. Ол өзінің өмірлік тәжірибесімен жастарға үлгі болып қана қоймай, спорттың адам өміріндегі маңызын атап өтті:
— Бүгін, міне, көптен күткен Бірлік жүгірісі өтіп жатыр. Мерекеге арналған марафонға жастарға үлгі болу үшін және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында қатысып жатырмын. Жасым жетпістен асса да, жеңіл атлетикамен тұрақты түрде айналысамын. Қолдарынан смартфон түспейтін жастарға бұл сияқты марафондар өте қажет. Бізде арнайы спорт клубы бар, әрбір жексенбіде табиғат аясына шығып, жүгіріп, жаттығулар жасаймыз. Осындай шаралар көбірек ұйымдастырылса, қала тұрғындары тұрақты түрде қатысып, денсаулықтарына көңіл бөлсе, қазіргі кездегі ауру-сырқау да едәуір азаятын еді, — дейді зейнеткер.
Сәкен аға секілді белсенді қарттар қоғам үшін үлкен өнеге. Оның сөздері — бүгінгі жастар мен қала тұрғындарына үндеу іспетті. Өйткені расында да, қозғалыс – тіршіліктің негізі, денсаулық кепілі.
«Бірлік жүгірісі – 2025» Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізілуде. Түрлі жас пен ұлт өкілдерін біріктіретін бұл шара – тек спорттық жарыс емес, елдің мәдени құндылықтарына, достық пен бейбітшілікке деген құрметтің белгісі. Биыл Қарағанды бұл бастаманың символына айналды.
Жүгіру соңында барлық қатысушыларға естелік медальдар табысталды. Бұл марапаттар – әрбір азаматтың ел бірлігіне қосқан үлесінің нышаны.
Қазақстан халқының бірлігі күнінде ұйымдастырылған бұл марафон ел ішіндегі татулықты, ынтымақ пен достықты нығайта түсетіні сөзсіз.
Ералы ҒАНИ,
«QH»