Ассамблея аллеясы бой түзеді
Көктемде көп болып жұмылар негізгі жұмыстың бірі – сенбілік, көгалдандыру, абаттандыру. Жылдағы дәстүрге орай Қарағанды облысында көктемгі тал егу науқаны басталды. Мереке күндері Қарағанды қаласының Орталық саябағында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аллеясы пайда болды. Маңызды іс-шараға қоғам белсенділерімен бірге аймақ басшысы қатысты.
Сенбілік жұмыстары ресми ұйымдарда ғана емес, жекелеген аулаларда, әркімнің өзіне тиесілі аймағында да қарқынды өтті. Қала бойынша қолға алынған тазалық жұмыстары тал егуге ұласып, көпшілік көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Жасыл сенбілік жұмыстары қызған негізгі нысан Орталық саябақтың батыс бөлігі болды. Игі шараға атсалысқан облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаевтың айтуынша, биылғы көктемде қаламызда екі мыңға жуық ағаш отырғызылмақ. Қазірде облыс бойынша тал егу жобасы қолға алынған. Теміртауда да алпауыт кәсіпорындар тарапынан көгалдандыру жұмысына көмек көп. Сондай-ақ әр аудан өзінше үлес қосатын болады. Ал саябақтағы жас талдар жайқалған аймаққа ендігіде облыстық Ассамблея құрамы қамқорлық етеді. Өз кезегінде қалалық әкімдік сол аллея маңында балалар алаңын жасақтайтын болады.
Бұл күні қалаға жаны ашитын белсенді зейнеткерлер де тал егіп еңбекке араласты. Аға буынның айтқан басты базынасы «ағаш оталмаса екен, тал шабылмаса екен» дегенге саятынын аңғардық. Жасыл сенбілік күні саябаққа қылқанжапырақты ағаштар ғана емес, сонымен бірге компаниялардың бірі жөке көшеттерін отырғызды. Жасыл кеңістіктерге күтім жасау үшін Саябақтар басқармасы су таситын көліктер сатып алды. Көпке үлгі болар көркем істі этномәдени бірлестіктер де құптайтындарын білдірді. Сол күні саябақта ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары сенбілік өткізіп, маңайды қоқыс қалдықтарынан арылтты.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»