Қасіретті жылдар жаңғырығы

Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған тағылымды шара өтті. «Тарихқа тағзым» атауымен ұйымдастырылған кездесудің мақсаты — өткеннің ауыр сабақтарын ұмытпай, өскелең ұрпаққа тарихи жадыны сақтаудың маңызын ұғындыру. Шараға «Еңбек» даңқы орденінің иегері, белгілі өлкетанушы Балтабай Боқайтегі арнайы шақырылып, қатысушылармен өткен ғасырдың зобалаңы туралы сыр шертті. Жиын барысында сол бір зұлмат жылдардың зардаптары, жазықсыз жапа шеккен жандардың тағдыры мен олардың рухына құрмет көрсету мәселелері кеңінен қозғалды.

 

1930-жылдары қазақ халқы бұрын-соңды болмаған қасіретті кезеңді бастан өткерді. Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясаты мен зорлық-зомбылыққа толы реформалары халықты жаппай ашаршылыққа ұрындырды. Миллиондап қырылған қазақ халқының қайғысы — ұлт тарихындағы ең ауыр беттердің бірі. Сол зұлмат жылдардың шындығы тек мұрағаттардан емес, сол дәуірді көзімен көргендердің ұрпақтарының естеліктері арқылы да сақталып келеді. XX ғасырдың басында қазақ даласында шамамен 40 миллионға жуық мал басы болған. Алайда 1930-жылдары ұжымдастыру науқаны мен тәркілеу саясатының салдарынан төрт түліктің саны күрт азайып, небәрі 4 миллион шамасында ғана мал қалған. Бұл қазақ халқы үшін орны толмас трагедияға айналды – халық аштыққа ұшырап, миллиондаған адам көз жұмды. Шет ауданы, Жұмыскер ауылының тұрғыны, өлкетанушы Балтабай Боқай сол кезеңнің ауыр шындығын ата-анасынан естіген әңгімелер арқылы жеткізді. Оның айтуынша, ауылдағы отбасылар күнкөрістің қамымен шөп, жабайы өсімдіктер мен кейде тері мен теректің қабығын қайнатып ішкен. Аштықтан әлсіреген адамдар жол-жөнекей жан тапсырған. Бір үйде тірі қалған жалғыз адамның өзі көрші ауылға жете алмай, сол жерде жан тапсырған оқиғалар да болған. Балтабай Боқайдың деректері мен естеліктері — сол бір қайғылы дәуірдің тірі куәсіндей. Оның айтуынша, бұл оқиғалар ұрпақ жадында сақталып, ашаршылықтың зардабы мен сабағы ұмытылмауы керек.

– Бұл тақырыпқа тоқталатын болсақ, өткен уақыттағы озбырлықтың, үстемдіктің аясында талай қазақ жазықсыз жапа шекті. Біздің ұлыларымыз, бабаларымыз аштық құрбандарына айналды. Жалғыз қойы болса соған жармасты. Өктемдік, үстемдік, салық төлеу мақсатын бетке ұстанды. Осылардың бәрі ұлы көсемдерімізді құрбан етті. Мемлекетіміз үшін 31-ші мамыр – аштық құрбандары, жазықсыз жапа шеккендерге белгіленген арнайы күн. Бүгін аштық құрбандарына арналған тақырыпта кешегі әке-шешелерімізден естіп білген, солардың көзімен көрген қиын жағдайларын сезініп ой түйген болатынмын. Соны бүгін ортаға салып әңгімеледік, — дейді өлкетанушы Балтабай Боқайтегі.

Қазақ халқының тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі – 1930-жылдардағы ашаршылық. Бұл зұлматтың ел жадында жаңғырып, ұрпақ санасында сақталуы – өткенге тағзым, келешекке сабақ. Қарағандыда өткен тағылымды шара осы тарихи зұлматты еске алуға, Алаш арыстарының рухына құрмет көрсетуге арналды. Қарағанды қаласында 1930-жылдардағы ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған рухани-танымдық шара өтті. Шара аясында ашаршылықтың қазақ халқына әкелген ауыр зардабы жайлы арнайы бейнематериал көрсетіліп, қатысушылар сол бір қасіретті кезеңнің мән-маңызын тереңінен ұғынуға мүмкіндік алды. Кездесуде ұлт тағдыры үшін жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің есімдері ұлықталды. Олардың ел тәуелсіздігі жолындағы еңбектері еске алынып, рухына тағзым етілді. Қарағанды қаласының белгілі ақын-жазушылары сол бір ауыр жылдарға арнаған жыр-шумақтарын оқып, көрермендерге терең ой салды. Домбырамен орындалған күйлер мен арнаулар кештің рухани маңызын арттыра түсті. Іс-шара – тек еске алу ғана емес, ұлт ретінде бастан кешкен қайғыны ұмытпау, тарихтан сабақ алу жолындағы маңызды қадам болды. Ұйымдастырушылар мұндай тағылымды кездесулерді алдағы уақытта да тұрақты өткізу қажет екенін атап өтті.

– Бүгінгі «Тарихқа тағзым» атты шара өте ауыр тақырыпта. Жазықсыз жапа шеккендер, алаштың арыстары. Елдік үшін, ұлт үшін қаншама азамат дүние салды. Ауылда жәй құран оқығаны үшін, домбырамен ән салғаны үшін, төте жазуды білгені үшін өмірлері қиылды. Соның бәрі біздің ұлтты қараңғы қылу мақсатында жасалды. Ол кісілерді ұмытуға болмайды, сондықтан бүгін Боқайтегі Балтабай Игенұлын шақырып отырмыз. Өйткені бұл кісінің айтар әңгімесі көп.  Өзім көп жерден естіп жүрдім. Соны жастарға айтсын, есте қалсын деген мақсатта шақырдық, – дейді Кеншілер мәдениет сарайының директоры Саят Әбдіғали.

«Тарихқа тағзым» танымдық сағаты осымен екінші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар мұндай рухани шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»