Қаржылық қауіпсіздік және киберсақтық: XXI ғасырдың сын-тегеуріндері

2025 жылы жасанды интеллект дамуы алаяқтардың жаңа тәсілдеріне жол ашып отыр. Таныс адамның дауысын немесе жүзін дәлме-дәл көшіріп, азаматтарды алдау жағдайлары жиілеп барады. Мұндай заманауи қауіптерден қалай қорғануға болады? Қаржы пирамидаларын нағыз бизнестен қалай ажыратуға болады? Қарағандыда өткен «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форумда осы және басқа да өзекті сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Форумға құқық қорғау органдары, сала сарапшылары, қоғам белсенділері мен жастар жиналды. Ашылу салтанатында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз сөйлеп, қаржылық сауаттылық пен цифрлық мәдениеттің маңызын атап өтті. Ол қазіргі қоғамда қаржы және ақпараттық қауіпсіздікке бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді.

Форумда сарапшылар көлеңкелі экономика, жалған инвестициялар мен қаржы пирамидаларының ел экономикасына тигізетін кері әсерін талдады. Олар қаржылық алаяқтықтың алдын алу үшін азаматтық белсенділік пен құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастығы қажет екенін баса айтты.

Цифрлық кеңістіктегі қауіптер де назардан тыс қалмады. Интернет-алаяқтардың жаңа айласын – «дропперлер», фишинг және жалған аккаунттар арқылы жасалатын қылмыстарды – мамандар кеңінен түсіндірді. Форумға қатысушылар азаматтарға жеке деректерін қорғау, екі факторлы аутентификацияны қолдану және күмәнді сілтемелерге өтпеу секілді кеңестер берді.

Сондай-ақ, Қарағанды облыстық полиция департаментінің киберқылмыстарға қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Арман Қайрақбаев интернеттегі алаяқтық әрекеттердің жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын ескертті. Ол әрбір азаматты киберқауіптерден сақ болуға шақырды. Қазіргі таңда арнайы бөлім қызметкерлері күн сайын жүздеген жалған сайттар мен фейк схемаларды анықтап отыр.

Бұл форум – қаржылық сауаттылықты арттырып, азаматтарды жаңа заманның қауіп-қатерлерінен қорғауға бағытталған маңызды қадам болды. Сарапшылардың айтуынша, қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты жолы – ақпараттандырылған қоғам мен белсенді азаматтық ұстаным.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»