Қаржы пирамидасының қатері неде?
Адам алаяқтарға алданып, сан соғып қалмауы үшін барынша сауатты болғаны жөн. Әсіресе ақпараттық және қаржылық сауаттылықтың маңызы зор. Егер бұл екеуі болмаса, онда жеке адамның ғана емес, тұтас мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төнуі мүмкін.
Әуелі ақпараттық сауаттылыққа аз-кем тоқталып өтсек. Қолымыздағы смартфон – ақпарат таратушы құрал. Ал біз, яғни смартфон иелері, ақпарат көзіміз. Кез келген адам жалпы халықтың назарына ақпарат ұсынып, білгенімен бөлісе алады. Десек те кейде шындыққа мүлдем жанаспайтын, ел арасына іріткі салатын дүниелер де көптің талқысына түсіп кететін сәттер болады. Бірақ оның ара-жігін ажыратып жатқандар аз. Қайта бықсыған қоламтаны жан-жақтан үрлеп өршітіп жібереді. Арандатушылардың көздегені де – сол. Елдің тыныштығын ұрлап, берекесін кетіру. Өкінішке қарай, көп жағдайда олардың ойлағаны болып жатады…
Қош, ал қаржылық сауаттылық туралы не білеміз? Жетпіс жыл жоспарлы экономиканың аясында өмір сүрген, бизнес, сауда, нарық деген ұғымдардан мақұрым қалған қоғам әлі күнге айыққан жоқ. Елімізде қаржылық сауаттылық – жоққа тән ұғым. Бұның айқын дәлелі – соңғы күндері желінің басты тақырыбына айналған «черная касса» ойыны. Кәдімгі қаржы пирамидасының жүйесі бойынша жұмыс істейді. Өзіңіз ақша беріп тіркелесіз және екі адамды тіркейсіз. Өз кезегінде олар да екі адамнан тіркеуі керек. Соңында сіз салған ақшаңызды үш-төрт еселеп қайтарып аласыз. Сөйтіп, байымасаңыз да, пайдаға кенеліп қаласыз-мыс. Жұрт жаппай осы ойынның соңына түсіп кетті. Олар мұның алаяқтық, қаржы пирамидасы екенін біледі. Бірақ сөйте тұра тәуекелге бас тігіп қаражат құяды. Неге? Өйткені салған ақшасын қайтып аларына сенімді. Сол үшін жанталасып адам жинайды. Мақсат – пайда табу. Ал соңынан кіргендер «бұл болмаса күл болсын»…
Осы орайда ресейлік әйгілі алаяқ Сергей Мавродидің «МММ» компаниясы еске түседі. Тоқсаныншы жылдары құрылған қаржы пирамидасына 15 миллион адам ақша салыпты. Олардың арасында қарапайым жұмыскерлермен қатар жоғары шенді мемлекеттік қызметкерлер, қылмыс әлемінің серкелері де болған екен. Тіпті «МММ» акциялары рубльмен қатар айналымға түсіп, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндірген де кездер болған. Кейін әлгі алаяқ ұсталып, ұзақ жылға түрмеге қамалды. Жазасын өтеп шыққан соң «МММ-2», «МММ-3» компанияларын құрады, салымшы жинайды. Бұрын бір мәрте аузы күйген жұрт тағы да қаржы құйған. Неге? Өйткені олар осы жолы табысқа жетіп, пайдаға кенелеріне сенді. Сол сенім опық жегізді.
Қаржы пирамидасының қандай түрінің де жалпыхалықтық сипат алуы – қауіпті індет. Оңай ақшаға дәніккен жан пайда табу мақсатында бұдан да ірі көлемдегі алаяқтыққа қадам басуы мүмкін. Мұның соңы туған-туыстың, дос-жаранның арасын ашады. Өйткені қаржы пирамидасына кірген жан ең алдымен өзіне жақын адамдарды тартып, соңына соларды тіркейді емес пе?!
Қысқасы, парықсыз іске бас сұғып, ақыр соңында саныңызды соғып қалмаңыз!
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«QH»