ҚАРЖЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ ИГЕРІЛЕДІ?

Қарағанды облысында бүгінгі күні 1157 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алайда олардың арасында тек қана мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында құрылған үкіметтік емес ұйымдар көп. Бұл туралы Қарағанды облысының қоғамдық кеңес отырысында ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын мәлімдеді. Оның сөзінше, аталған 1157 үкіметтік емес ұйымға этно-мәдени орталықтар мен діни объектілер және кәсіподақтар кірмейді.

Десе де, бес саусақ бірдей емес. Соңғы жылдары елде әлеуметтік-саяси және қоғамдық қатынастар саласында өзгерістер, тұрғындардың азаматтық белсенділіктерінің өсуі байқалады. Ал, кейбір үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамда үлкен қозғаушы күш болып қалыптасты. Бұл тарапта мемлекетте аталған ұйымға қыруар қаржы құйып келеді.
Атап айтсақ, облыстың сегіз басқармасымен, өзге де барлық қала-аудандарында әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Оған денсаулық сақтау саласыннан бастап, спорт бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Өткен жылы өткізу тиіс болған 263 әлеуметтік жобаның 67%, немесе 178-і ғана тиісті деңгейде өткізілді. Себебі, ғаламдық пандемия жоспарды жүзеге асыруға кедергі келтірді. Аталған жобалардың өзіне азды-көпті 6 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайынның сөзінше, аталған жобалардың басым көбі тұрғындарды әлеуметтік тұрғыда қолдау, еріктілер ісін дамыту мен спорт пен кәсіпкерлік бағытында өрбіген. Мысалы, сол кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Жастар ісі басқармасының тапсырысымен жастардың әрбіріне 1 миллион теңгеден 100 грант бөлінген. Бөлінген қаржының мақсатты игерілуі міндетті түрде қадағаланады деп сенеміз.
Ішкі саясат басқармасы басшысының сөзінше, биыл да бұл бағытта кешенді жұмыстар жалғасын табатын болады. Әлеуметтік маңызды деп танылған 164 жобаға бюджеттің 2,5 миллиард теңгесі бөлінеді. Қазір қай жобалар озық, қайсысы тозық екенін анықтау үшін конкурстық іріктеу жүріп жатқан көрінеді. Нақты шешім сәуірдің соңында мәлім болады. Жобалардың басым көбі тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналады.
Бүгінгі күні қолға алынған ірі жобалардың бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Биылғы есептік кезеңде Қарағанды облысында бағдарламаның алты бағыты, он жеті арнайы жобасы шеңберінде жалпы соммасы 19,242 млрд. теңгеден асатын, 1,469 млн. адамды қамтыған 1286 іс-шара орындалды. Мысалы, бір ғана «Туған жер» бағдарламасы аясында елдік пен теңдікті насихаттау бағытында 267 жұмыс ұйымдастырылған. «Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстандық мәдениет» тақырыбына 81 жоба өткізілген. Ол тарих пен мәдениет бағытын қамтыды. Елбасы бастаған «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі» бағытында 160-қа жуық іс-шара жасалды.
Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлдың сөзінше, «COVID-19» пандемиясы өткізілетін іс-шаралар санына және аудиториямен өзара іс-қимыл сапасына белгілі бір түзетулер енгізгеніне қарамастан, бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерін іске асырудың өзекті тәсілдері мен жаңа көзқарасын көрсететін бірқатар бәсекеге қабілетті жобалар іске асырылды.
Еліміздің белгілі ақындары, кәсіпкерлері, спортшылары, түрлі саладағы танымал кәсіпқой азаматтарының өмірлік құндылықтары, отбасылық өмір салты туралы айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының рөлі туралы пікірлерімен бөлісетін, тікелей эфирде өтетін «Ұлтқа қызмет» жобасы бар. Бұл жобаға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, ақын Жүрсін Ерман, академик Дихан Қамзабекұлы, академик Төрегелді Шарманов, актер Тілектес Мейрамов, бизнесмен және меценат Ерлан Әшім және басқа да танымал тұлғалар қатысып, қонақ болған.
2021 жылға арналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша: 167 іс-шара енді. Олар бағыттан тұрады және бағдарламаның білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы қағидаттарына жауап береді.
Аталған жобалар облыстың барлық аумағын қамтиды. Бағдарламаны іске асыру бойынша облыстық жоспарды қала, аудан әкімдіктері, өңірлік басқармалар, жоғары оқу орындары, өңірлік жобалық кеңсе және үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырады. Жоспарға ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, тұңғыш ғарышкер Т.Әубәкіровтың 75 жылдығына, Ә.Бөкейханның 155 жылдығына арналған шаралар енген.
Бағдарлама аясында өтіп жатқан іс-шаралар мен жобалар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндіру бойынша жұмыстар үздіксіз атқарылып келеді.

Расул МҰХАММЕД
«QH»