Ғарыш рухы: мұғалімнің бастамасынан туған ерекше мұражай

Қарағанды қаласында мектеп қабырғасында пайда болып, бүгінде тұтас өңірдің мақтанышына айналған бірегей кеңістік бар. Бұл – №6 мектеп жанындағы Авиация және ғарыш мұражайы. Оны құруға бастамашы болған қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мағрипа Кәрібекова отыз жыл бойы ғарышты зерттеу тарихын жас ұрпаққа танытып, нағыз ағартушылық миссия атқарып келеді.

Мұражай идеясы қарапайым сәттен басталған. 1980-жылдардың соңында №100 мектепте сабақ беріп жүрген Кәрібекова бір күні Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуға дайындалып жатқаны туралы шағын газет хабарламасын сыныпқа алып келеді. Сабақ барысында оқушылардың бірі: «Апай, өз мұражайымызды ашсақ қайтеді?» – деп ұсыныс айтады. Осы ой күтпеген жерден жаңа бастаманың іргетасына айналған.

Алғашқы экспонаттар қарапайым фотоқұжаттардан құралды. Ұстаз фототілшіден Тоқтар Әубәкіровтің 41 суретін сатып алып, алғашқы шағын көрмені жинақтады. Кейінірек мұражай қоры Сергей Королёв, Константин Циолковский, Юрий Гагарин, Валентина Терешкова туралы материалдармен толықты.

№100 мектеп жабылғаннан кейін коллекция №78 мектепке көшірілді. Бұл — мұражайдың дамуындағы қарқынды кезең болды. Қор жыл сайын толығып, құнды жәдігерлермен байи түсті.

Мұражайда бүгінде ерекше экспонаттар бар:

  • Тоқтар Әубәкіровтің лёттық шинелі мен ұшу құжаттары,
  • Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтің арнайы костюмдері,
  • 1961 жылғы 13 сәуірде Гагариннің ғарышқа ұшқанын жариялаған «Комсомольская правда» газетінің түпнұсқасы,
  • ғарыш тағамдары, сирек маркалар, бірегей архивтік альбомдар.

Көптеген экспонаттар тікелей ғарышкерлердің өз қолымен тапсырылған. Валентина Терешкова, Сергей Крикалёв және басқа да 25-тен астам ғарышкер Қарағандыдағы шағын мұражайға арнайы келіп, естеліктерімен бөлісіпті.

2021 жылы мұражай №6 мектептің жаңа ғимаратына көшіп, кеңейтілген экспозицияға ие болды. Фойеде Юрий Гагариннің барельефі, Қазақстанның үш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтің портреттері және авиация мен ғарыш саласының басқа да көрнекті тұлғаларының суреттері орналасқан.

Музей жұмысы ұстаздың жалғыз еңбегі емес. Жобаға іздестіру-құтқару қызметі мамандары, ұшқыштар, аэроклуб өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ғарышкерлер қолдау көрсетіп келеді. Оқушылар да белсенді қатысады: зымыран макеттерін әзірлеп, альбомдар құрастырып, ғылыми жобалар жасайды.

Мағрипа Кәрібекова үшін бұл – тек жәдігер жинау емес, рухани миссия. Ол экскурсиялар өткізіп, ардагерлермен кездесулер ұйымдастырады, ғылыми конференциялар мен авторлық сабақтар дайындайды, кітап жазады.

«Атқаратын іс көп, уақыт әрдайым аз көрінеді. Біз ешқашан атақ қумадық. Бар мақсатымыз – тарихи материалдарды жоғалтпай, ұрпаққа жеткізу. Өйткені бұл – Қарағандының да тарихы», – дейді музей жетекшісі.

Бүгінде мұражай қорында екі мыңнан астам экспонат бар. Бұл тек ғарыш тарихының жинағы ғана емес – кезінде «Ғарыш айлағы» атанған Қарағандының рухани шежіресі.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»