Қарымта матчтағы сенімді жеңіс

Хоккейден Қазақстан чемпионаты қарқынды жалғасуда. Қарағандылық «Сарыарқа» командасы соңғы турда өз алаңында Рудный қаласының «Горняк» клубын қарсы алды. Бұған дейінгі бірінші кездесуде жерлестеріміз 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді, алайда қарымта кездесуде 4:1 есебімен қарсыластарын жеңіске жетті.

Екі команда арасындағы көрсеткіштерді қарасақ, былтыр олар жеті рет кездескен. Сол ойындардың алтауында «Сарыарқа» қарсыластарына басымдық танытқан. Осы жолы да жанкүйерлер алаң иелерінің екі кездесуде де жеңіске жететініне үміттенген болатын. Өкінішке қарай, бірінші кездесуде жерлестеріміз ойдағыдай нәтиже көрсеткен жоқ.

Бірінші ойында екі команда екінші айналымға дейін есеп аша алмады. Шабуылдар мен соққылар тиімді болды, бірақ қақпашылар өз қақпасын сенімді қорғап, шайбаларды өткізбеуді жалғастырды. Тек үшінші айналымда ғана қарсыластар есеп ашты. Дегенмен, алаң иелерінің сапынан Рулан Демин 47-минутта сәтті соққы жасап, есепті теңестірді – 1:1. Бірақ 52 және 59-минутта «Горняк» ойыншылары қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, жеңіске жетті.

Қарымта кездесуде жағдай мүлде керісінше болды. «Сарыарқа» қарсыластарына мүмкіндік бермеді. 12-минутта Руслан Демин, 24-минутта Егор Смолянинов, ал 30-минутта Александр Борисевич қарсыластың қақпасынан таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. Екінші айналым соңында «Горняк» шабуылшысы Данила Платонов есеп айырмасын қысқартты, алайда үшінші айналымда Александр Борисевич ойындағы екінші шайбасын салып, командасына сенімді жеңіс сыйлады.

– Алғашқы кездесуде бізге сәттілік жетіспеді. Мүмкіндіктер көп болды, бірақ оларды тиімді пайдалана алмадық. Ойын тартысты өтті, есепті тең ұстаймыз ба деген үмітіміз де болды, бірақ соңғы айналымда қарсыластар гол соғып кетті. Дегенмен, жігіттер соңына дейін күресті. Бірінші ойында кеткен есемізді қарымта кездесуде қайтарып алдық. Мұз айдынына шыққанда ойыншылардың жігерін көріп, қуандым. Жеңіске жету үшін әр ойыншының көзінде от болуы керек. Ойын алдында команданы жігерлендіріп, әрқайсына нақты тапсырмалар бердім. Сол арқылы бірінші ойында кеткен есемізді қайтарып алдық, – деді «Сарыарқа» хоккей клубының бас жаттықтырушысы Владимир Князев.

Қазіргі таңда «Сарыарқа» турнир кестесінде 63 ұпаймен көш бастап келеді. Одан кейінгі орындарда елордалық «Nomad» (62 ұпай) және өскемендік «Torpedo» (59 ұпай) командалары орналасқан. Дегенмен «Nomad» пен «Torpedo» әлі екі ойынды өткізбеген, сондықтан егер олар ойынды жеңсе, «Сарыарқаның» орны төмендеуі мүмкін. Осылайша, чемпиондыққа талас енді нағыз қызу кезеңге жетті.

Ералы ҒАНИ,

«QH»