Қарттар қайда барады? Қарағандыдағы әлеуметтік орталықтың тағдыры алаңдатып отыр

«Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды» дейді халық. Қарағанды қаласында дәл осындай алаңдаушылық туғызған әңгіме әлеуметтік желі мен қарттар арасында жиі айтыла бастады. Назарбаев даңғылы, 65/2 мекенжайында орналасқан №4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жабылуы мүмкін деген сыбыс мұнда тұрып жатқан жандардың мазасын қашырды.

Аталған орталықта бүгінде 39 адам тұрады. Олардың барлығы – мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты зейнеткерлер. Бұл мекеме олар үшін жай ғана ғимарат емес, соңғы панасы, тұрақты күтім көретін, өзін қауіпсіз сезінетін орта.

Орталықта тұратын Андрей Жилистің айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Бұған дейін ол Абай ауданындағы мемлекеттік күтім үйінде тұрған. Ол мекеме жабылып, тұрғындар басқа орталықтарға көшірілген.

– Бізді амалсыздан көшіріп жіберді. Баратын жеріміз жоқ. Шаханда да, Пришахтинскіде де орталықтар бар, бірақ бәріміз сыймаймыз. Ол жақтардың өзі лық толы. Бөлмелер екі адамға ғана арналған. Егер осылай бірінен соң бірін жаба берсе, ертең не боларын білмейміз, – дейді ол.

Орталықтың жобалық қуаты – 40 адам. Қазір бұл шекке жақын. Ал қала мен оған қарасты елдімекендердегі басқа мекемелер де толық жүктемемен жұмыс істеп отыр. Сондықтан тұрғындар үшін «көшірілу» сөзінің өзі үлкен үрей тудырады.

Зейнеткер Николай Казинский де алаңдаулы.

– Бұл мекемені жабады деген әңгіме жүр. Ғимаратты басқа мақсатқа пайдаланбақ деген де сыбыс бар. Сонда бізді қайда апарады? Мұндағы адамдар – бүкіл өмірін еңбекке арнаған жандар. Қазір өздерін керексіз сезініп отыр, – дейді ол.

Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ең бастысы – тұрақтылық. Бұл туралы орталықта тұратын Василий Жолудев те айтып өтті.

– Біздің директорымыз да, қызметкерлер де өте жанашыр. Егер бізді жан-жаққа таратып жіберсе, көпшілігінің жағдайы күрт нашарлап кетуі мүмкін. Жасы үлкен адамдарға орта ауысуы өте қиын, – дейді ол.

Аталған ғимарат 2011 жылға дейін санаторий болған. Осы дерекке байланысты «мекемені бұрынғы мақсатқа қайтарады» деген қауесет тараған. Алайда облыстық әлеуметтік бағдарламалар және үйлестіру басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Басқарма өкілі Айдын Төлеуовтың айтуынша, орталықты жабу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ, мекеме қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Дегенмен, мәселенің өзі қоғамдағы әлеуметтік жүйенің әлсіз тұстарын айқын көрсетіп отыр. Бүгінде облыс аумағында «үймен қамту» форматында жұмыс істейтін үш мемлекеттік орталық бар. Онда шамамен 300-ге жуық адам тұрады. Бұл – өзге барар жері жоқ жандардың соңғы тірегі.

Сондықтан тұрғындарды алаңдатқан әңгіменің өзі жауапты органдар үшін ескерту болуы тиіс. Әлеуметтік мекемелердің тағдыры жабық кабинетте емес, ашық түрде, адамдардың мүддесін бірінші орынға қоя отырып шешілуі қажет. Өйткені бұл жерде ғимарат емес, адам тағдыры сөз болып отыр.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»