«Art Studia» шәкірттерінің шығармашылық белесі
Қарағандыдағы заманауи білім мен өнердің қарашаңырағына айналған №2 Оқушылар сарайында айтулы оқиға өтті. Мұндағы «Art Studia» бейнелеу және мүсіндеу үйірмесі өзінің 5 жылдық мерейтойын айрықша шығармашылық көрмемен қорытындылады. Бұл шара – бес жыл бойы қанаттанған жас таланттардың үлкен өнерге жасаған нық қадамының айғағы.
Өнер мен технология тоғысқан орта
№2 Оқушылар сарайы – балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған бірегей орталық. Сарай басшысы өз сөзінде бұл мекеннің тек білім ордасы ғана емес, келешек тұлғаларды қалыптастыратын мәдениет төрі екенін атап өтті. «Бүгінгі таңда жасанды интеллект дамыған заманда да, оның артында адам тұрғанын ұмытпауымыз керек. Біздің мақсатымыз – балалардың ішкі гармониясын сақтап, олардың бойындағы асыл қасиеттерді өнер арқылы жеткізу», – деді №2 Оқушылар сарайының директоры Шариза Алтынбекова.
Үйірме жетекшісі, 30 жылдық тәжірибесі бар білікті педагог Эльмира Ахметованың айтуынша, студия 2020 жылы Сарайдың ашылуымен қатар құрылған. Бүгінде алғашқы шәкірттер кәсіби деңгейге жетіп, өздерінің жеке шығармашылық топтамаларын жұртшылыққа ұсынды.
Эльмира ханым шәкірттерінің жетістігі туралы былай дейді:
«Осы 5 жылда оқушыларымыз профессионалды деңгейде қылқаламды да, қарындашты да, бояуды да дұрыс қолданып, өзінің жеке техникалық мәнерін қалыптастырды. Алғашқы келген балаларымыздың әрқайсысы өзінің жеке шығармашылық көрмесін көрсетуге дайын. Осындай шығармашылық арқылы біз басқа балаларға да үлгі боламыз, мотивация береміз».
Студия мақтаныштары
Көрменің ашылу сәтінде үйірменің ең үздік үш шәкірті ерекше марапатқа ие болды. Сурет салуға деген құлшынысы, еңбексүйгіштігі және шығармашылық талпынысы үшін Зарина Мұрат, Наргиза Бақтияр және Баян Әшім арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Бұл үш бойжеткен – «Art Studia» орталығының 5 жылдық жемісінің көрінісі. Олардың әрқайсысы өздерінің жеке техникалық мәнерін қалыптастырған. Көрмеге қойылған олардың туындылары келушілерді өзіндік сыршылдығымен және орындалу шеберлігімен баурап алды.
Баян Әшім: Қиялдан туған шынайы өнер
Осы үш таланттың ішінде Баян Әсетқызының жолы көпке үлгі. Баян үйірмеге 10 жасында келген. Содан бері 5 жыл бойы үздіксіз ізденіп, бүгінде қоржынында 50-ге жуық мазмұнды жұмыс жинақтады.
Баянның ең ерекше туындыларының бірі – Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай» өлеңіне салған иллюстрациясы. Бұл жұмыс жас суретшінің терең философиялық ойы мен классикалық әдебиетті сезінуінің көрінісі. Баянның жетістіктері тек көрмемен шектелмейді. Оның есімі мен өнердегі қадамдары Ұлттық энциклопедияның жасөспірімдерге арналған арнайы санына енген. Бұл – жасөспірім үшін өте үлкен мәртебе.
Ұстазы Эльмира ханым Баян сияқты шәкірттерінің болашағына үлкен сеніммен қарайды.
– Жылда біздің студиядан 3-4 оқушы жоғары оқу орындарына өнер саласы бойынша грантқа түседі. Олар келіп, кейінгі оқушыларға мастер-кластар көрсетіп, тәжірибелерімен бөліседі. Осындай жас балалар, біздің келешегіміз әрі қарай өсіп-дамып, осылардың қызығын қызықтай берейік, – дейді ұстаз.
Ата-ананың ақ тілегі
Көрме барысында ата-аналар мен әжелер де сөз алып, орталыққа деген ризашылықтарын білдірді. Баянның әжесі – Рымбике Қалымжанқызы немересінің 5 жыл ішінде жеткен биіктеріне куә болып, ұстаздар қауымына алғыс жаудырды. «Баланың өнерін дамытып, нық қадам басуына сенімділік беретін осындай мекендер көбейе берсін», – деді ол.
«Art Studia» – бұл тек үйірме емес, бұл – болашақ архитекторлар мен дизайнерлердің шеберханасы. Зарина, Наргиза және Баян секілді жалынды жастардың арқасында еліміздің мәдениеті мен өнері жаңа биіктерді бағындырары сөзсіз. Өз кезегімізде біз №2 Оқушылар сарайы мен «Art Studia» үйірмесіне шығармашылық табыс тілейміз!
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

