Арнайы жоба

№33 мектеп-бөбекжай кешенінде жасыл мектеп арнайы жобасының тұсаукесері өтті. Жоба еңбекқор әрі экологиялық білімді ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған.

«Жасыл мектеп» жобасының басты мақсаты – өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, бау-бақша егумен жақын таныстырып биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы білімін кеңейту және оқу орындарын көгалдандыруға үйрету. Аталмыш жобаға Қарағанды облысы бойынша Қарағанды қаласының нөмірі 12 ЖББМ, нөмірі 33-ші мектеп-бөбекжай кешені, Абай атындағы мектеп-гимназиясы енген.

– Бұл жоба біздің облысымызда алғаш рет осы жылы бастау алды. Осы жобаға біздің Қарағанды қаласының үш мектебі енгізілуде. Жалпы, бүгінгі шара – осы жасыл мектеп жобасының тұсаукесері. Яғни осы жүзеге асырушы, ЖШС. Өзінің жобасын таныстырады, қатысатын үш мектепке өзінің алдағы шараларымен таныстыратын болады, – деді Қарағанды облысы білім басқармасының тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева.

Осыдан бірнеше күн бұрын №33 ші мектеп-бөбекжай кешенінде «Жасыл мектеп» жобасының тұсаукесері өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысып, өз сөзінде мектептің жаңа бастамасын қолдайтынын жеткізді.

– Барлықтарыңызды көргеніме қуаныштымын. Осы жердегі мамандар айтып өтті, мемлекет – президент және алдыға қойған бір ғана мақсат осы елді, осы жерді сіздерге сақтап қалдыру, себебі оның иесі де, киесі де сіздерсіздер, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Шара барысында шығармашылық нөмірлер көрсетіліп, үгіт-насихат бригадалары, Еко нетворк эко-жаттықтырушыларының қатысуымен ойын-сауық-танымдық викториналар ұйымдастырылды және одан әрі оқыту үшін мектеп белсенділері таңдалды. Оқушылар келген қонақтарды қолдан жасалған түрлі бұйымдар ұсынылған көрмемен қарсы алды.

– Көрмеде біз заттарға екінші өмір сыйлау мақсатында, балалармен жасалған жұмыстарды ұсынудамыз. Бұл көрме бірнеше жылдық еңбектің жемісі, – деп атап өтті №33 мектеп-бөбекжай кешені директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Шынар Болатқызы.

Кез-келген адам тылсым табиғатпен жылы байланыс орнатуға тырысуы керек. Ал «Жасыл мектеп» осыған бірден-бір себеп бола алатын сенімді жоба.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                    

«QH»