Қарияның қазыналы өмірі
Қарағанды облысында 80 жастағы тұрғын сүттен пайдалы өнімдер дайындап, дүйім жұртқа үлгі болып отыр. Қазақта «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бар. Қарағанды облысында осы сөздің шынайы үлгісін көрсетіп жүрген әжеміз бар. Жасы 80-ге келсе де, еңбек етуден жалықпаған қазыналы анамыз сүттен әртүрлі табиғи, денсаулыққа пайдалы өнімдер әзірлеп, ауыл тұрғындарын қуантады. Ол тек өз отбасының емес, бүкіл ауылдастарының игілігі үшін тер төгіп жүрген жан. Қарияның қолынан шыққан құрт, ірімшік, май сынды ұлттық өнімдер ағзаға пайдалы ғана емес, нағыз табиғи тазалықтың үлгісі. Оны ауыл тұрғындары да жоғары бағалап, тұрақты тұтынушыларға айналған. Жас ұрпаққа адал еңбек пен тынбай жұмыс істеудің үлгісін көрсетіп жүрген бұл кісі – нағыз еңбек адамы. Оның қарапайым, бірақ мағыналы өмірі – сүйсінуге, үлгі алуға тұрарлық.
Қарияда құрт жасаудың өзіндік тәсілі бар. Тұз қоспайды, іріткінің қышқыл сөлінің өзінен дәмді шығады дейді. Сонда құрт көгермейді, ұзаққа сақталады.
– Жыл он екі ай үйімізден құрт үзілмейді. Жазда күніне 20 келіге дейін жасайтын кездерім болады. Қыста бір тәулік ішінде кептіретін аппаратым бар. Бір ғана сиыр сүтінен зейнеткер болып отырып, бірнеше тағам түрін ұсынамын. Айран ұйытып, май кеулеймін, бал қаймағымды немерелерім қатты жақсы көреді, – дейді Нәсіпгүл Жұмажанқызы.
Сары ірімшікті сүтті мәйекпен ұйыту арқылы әзірлейді. Құрамында макро-микро элементтердің барлығы бар. Сондықтан қысқа қап қаптап сақтап қояды. Ал зейнеткердің табиғи сырының дәмі тіптен ерекше. Жаңа сауылған сиыр сүтінен жасалады. Ірімшік сары судан ажыратылғаннан кейін май мен ас содасы, біріктіру үшін жұмыртқа қосады.
– Сиырдың сүті қазақты мәңгі асырайды, дейді ата-бабаларымыз. Себебі 100 грамм сүтте 300 грамға жуық ақуыз, оңай сіңірілетін калциий мен фосфор қосындысы бар. А1, В2, Д тәрізді пайдалы дәрумендерден тұрады. Сол себептіде сиыр сүті бәрімізге пайдалы, дастарқанда үнемі қолдың тамағы тұру керек, – дейді зейнеткер.
Нәсіпгүл Жұмажанқызы 80 жасқа аяқ басты. Еңбек адамы үшін қол қусырып отыру жат. Дастарқанында үнемі сиыр сүтінің өнімі тұрады. Осындай пайдалы тағамның арқасында денсаулығы сыр бермейді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»