«АРИСТАДА» ЕНДІ ТОЙ ӨТЕ МЕ?

Жұрт жаппай екпе салдыруда. Алайда коронавирус індеті іркілмей тұр. Былтырғы жылы аты жаман ауруды қажетті дәрі-дәрмек, арнайы аппараттар болмай, өршітіп алған едік. Биылғысы тіпті сорақы. Жасырын жиын, тығылып жасаған той, қайда екенін айтпайтын қонақасы. Санитарлық саладағылар қаулыны қатаңдатып әлек. Алайда қаулыға құлақ аспайтындар жетерлік.

Сондайлардың бірі 7 тамызда Қарағанды жұртын шулатып, 500 адамдық той жасап, әлеуметтік желіні дүрліктірді. Қамалып қажып, аурудан ашынып отырған жұрт «Бұл той — ақ жағалының тойы» дегенді естігенде екі есеге ашуға мінді. Нақты айтқанда Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасының бастығы Халел Мақсұтов ұйымдастырған той екен. Қоғам белсенділері жергілікті биліктен жауап талап етіп, «жаза қайдаға» басты. Бұл дегеніңіз — облыстың бас санитар дәрігері шығарған №23 қаулыдағы баршаға ортақ талапқа бағынбау, халық денсаулығына қиянат жасау, өзгенің бас амандығына қауіп төндірумен тең болды. Журналистер жарыса жазып, мәселенің анығын айтуды сұрады. Қарағандылықтардың ашуын туғызғаны ел құсап жасырынбай, мейрамхана маңын көлікпен кептеп, ұланасыр той болып жатқанын ашық жариялағаны. Иін тірескен полиция көлігінің сол мейрамхана маңынан табылуы түсініспеушілікті тіптен үдетті. Артынша сол ведомостваның баспасөз қызметі желіде мынадай жауап жолдады:

Карантин талаптарын бұзып, мейрамханаға жиналғандарды тарқату үшін полиция ғимаратты қоршауға алды.

7 тамыз күні «109» телефонына қаладағы мейрамханалардың бірінде көптеген адамдармен көліктердің жиналғандығы туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына құрамында полиция, санэпидемистанция және Қарағанды қалалық әкімдігінің қызметкерлері бар мобильдік топ шықты. Факт расталды. Көңіл көтеретін орында көліктермен адамдардың көптігіне байланысты, мобильдік топ қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап, ғимаратты қоршауға алуға байланысты қосымша полиция нарядын шақырды.

Полиция қызметкерлерімен мейрамхананың кіші залында 38 жастағы азаматтың ұйымдастыруымен «Сүндет той» өткізіліп жатқаны анықталды. Оған 40 адам қатысқан. Ал, үлкен залда 57 жастағы қала тұрғынының ұйымдастыруымен «Ұзату тойы» өткізіліп жатқаны белгілі болды. Ол тойға шамамен 350 адам шақырылған.

Полиция қызметкерлерімен мобильдік топтың қабылдаған іс-шараларының арқасында мерекелік шара тоқтатылды.

Ешкімнің тісі батпайтын «Ариста» мейрамханасының қожайыны кім?- деп коммент жолдағандар желіде жауап күтті. Жұрт бұл жөнсіздіктің жауабын жұмыс күніне дейін күтпесін ұқса керек, артынша Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы мынадай жауап қатты:

Аталған мемлекеттік қызметшіге қатысты арнайы тексеру тағайындалып, карантиндік шектеулерді бұзу фактілері расталған жағдайда, оны атқаратын лауазымынан босатуға дейінгі ең қатаң шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ, санитарлық нормалардың бұзылуына байланысты аталған іс-шара тоқтатылып, ұйымдастырушыларға әкімшілік айыппұл салынады.

Барлық азаматтарға науқастану деңгейінің өсуі кезеңінде санитарлық шараларды сақтау қажеттігін ескертеміз. Жауапты мемлекеттік органдар азаматтардың мәртебесіне немесе жұмыс орнына қарамастан бұзушылықтардың жолын кесу үшін қатаң шараларды қабылдайтын болады.

«Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, жұмыс аптасы басталған ақ таңда ақпар расталды. Қызының ұзату тойын жасаған шенді әке де қызметімен қоштасты. Жұрт әшкере еткен бұл бассыздықты өзгелер қайталамауы үшін, тексеру қатаңдатылатын болады. Шектеуге шекеден, талапқа төбеден қарайтындарды ендігі жерде «шатырлары да» құтқарып қала алмайды. Халық ашынса ханның да қайратын басатынын көрсетті.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»