Ардагерлер сөзі – ұрпаққа аманат

Ел ішінде қолға алынған «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафоны Қарағанды облысына жетіп, өз жалғасын тапты. Ұрпақ сабақтастығын нығайтуға бағытталған бұл бастама – ардагерлерге құрмет көрсетудің, сонымен қатар жас буынды отансүйгіштікке баулудың жарқын үлгісі болып отыр.

Марафон аясында арнайы өсиет хат эстафеталық сипатта өңірлерді аралап келеді. Онда ардагерлердің ақжарма тілектері мен тәлімді ойлары жинақталып, жас буынға жол тартқан. Әр аймақта хат оқылып, мазмұны кеңінен насихатталады. Сонымен қатар тағылымды кездесулер, патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылып, жастардың бойына елге адал қызмет ету, үлкенді сыйлау құндылықтары дәріптелуде.

Бұл игі бастама биылғы маусым айында елордада бастау алған болатын. Содан бері бір облыстан екіншісіне жалғасып, ел көлемінде кеңінен қолдау тауып келеді.

– Ол хатта астаналық ардагерлер бізге, жас ұрпаққа өз өсиеттерін, ақ тілектерін жазып жіберген. Біз оларды қадірлеуіміз керек. Себебі олар – біздің батырларымыз. Ел мен жер үшін аянбай тер төгіп, Отанымызды қорғаған асыл азаматтарымыз. Сондықтан да ол кісілерге деген құрметім ерекше, – деді ҚР Қарулы Күштерінің құрметті ардагері Амангелді Жантасов.

Қарағанды облысына жеткізілген өсиет хаты Мәңгілік алау алаңында салтанатты түрде оқылды. Бұл рәсімге қарулы күштердің ардагерлері, студент жастар мен өңірдің белсенділері қатысты. Олар ел қорғаған ерлер рухына тағзым етіп, аға буын аманатына құрмет көрсетті.

Марафонның басты мақсаты ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтып қана қоймай, жас ұрпақты тарихқа тағзым етуге, ел қорғаған ерлердің ерлігін үлгі тұтуға баулу. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта хат Ұлытау облысына жолданбақ.

Осыған ұқсас тағылымды іс-шара жуырда Қосшы қаласында өткен болатын. Онда ардагерлер өз тілектерін қағаз бетіне түсіріп, эстафетаны келесі өңірге тапсырды.

– Бүгінгі шарадан соң өсиет хаты Ұлытау облысына жол тартады. Ал эстафета соңында қайтадан Астанаға оралып, жиналған материалдар мен естелік суреттер мұражайға қойылады. Бұл – ардагерлеріміздің аманаты жас ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталатынын білдіреді, – деді Ақмола облысының Жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков.

«Ардагер өсиеті» марафоны – бір жыл бойы жалғасатын, ел аймақтарын түгел қамтуды көздейтін ерекше жоба. Ол – бүгінгі ұрпақтың бойына патриоттық рух сіңіріп, ардагерлерге деген құрметті арттырудың айқын көрінісі.

Ералы ҒАНИ,

«QH»