Қаражат жинау бақылауда

ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі оқу ақысын алдын ала жинайтын эскроу-шот құралын енгізбекші. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осындай жоспарымен бөлісті.

– Білім алуға қаражат жинақтау құралы ретінде Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, балалар мен студенттердің жасына қарай білім беруге қаржы жинақтаудың мемлекеттік жүйесін пайдалану мәселелерін пысықтап жатырмыз. Бұл шаруаны жинақтаушы 18 жасқа, яғни мектеп бітіргенге дейін Оқу-ағарту министрлігі, мектеп бітіргеннен кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі реттейді, – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Аталған эскроу-шот арқылы ваучерлік жүйеге көшу көзделіп отыр. Сараланған гранттар, яғни оқу ақысының 30%-ынан 100%-ына дейін беру ұсынылады. Сараланған грантты енгізу тәсілдері пысықталуда. Алдағы уақытта тәртібі таныстырылады.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА