Қарашада екпе қарқын алады

Бүгінде Қарағанды облысында екпенің екі дозасын алған тұрғындардың саны жалпы санның 55% құрайды. Бұл шамамен жарты миллионға жуық адам. Денсаулық сақтау басқармасы мұны қалыпты қарқын дейді. Үшінші вакцинаны алдымен осы жылдың ақпан, наурыз айларында екпе алған -дәрігерлер, мұғалімдер, қауіпсіздік қызметкерлері, әлеуметтік және жабық мекемелердің қамқоршылары, 60 жастан асқан адамдар, сондай-ақ екі дозалық вакцинациядан кейін ковидпен ауырғандар алады.

Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer вакцинасын сатып алды, оны тек ревакцинацияға баратындар, сондай-ақ 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жүкті әйелдер жасайды. Ревакцинация алдынғы екпе алу жұмыстары жүргізілген емханаларда өтетін болады.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенова үшінші екпеге кімдер қандай ретпен алынатыны жайында айтып өтті:

векторлық (Спутник) вакциналармен вакцинацияланған адамдар – 9 айдан кейін ревакцинация белсенділігі жойылған (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе м-РНК- вакцинасымен (Pfizer);

(Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) белсенділігі жойылған вакцина алған тұлғалар – векторлық (Спутник) немесе м-РНҚ вакцинасымен (Pfizer) 6 айдан кейін;

м-РНК вакцинасымен (Pfizer) вакцинасын алған тұлғалар — 6 айдан кейін белсенділігі жойылған (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлық (Спутник) вакцинасын;

вакцинацияның толық курсын алып, кейін КВИ-мен ауырып қалған адамдар сауыққаннан кейін 3 айдан кейін ала алады.

Алғашында ел ішінде екпеге қатысты тараған түрлі қауесеттен қорқып қалған жұрт бүгінде бұл жаңашылдықты жаймен қабылдауда. Қарағандылықтардың қайсібірі екпенің екі компонентін толықтай алып, үшіншісінен бас тарту әбестік дейді.

Дәрігерлердің мәліметін қарапайым тілге аударсақ, ревакцинация — имунитет инфекцияны есте жақсы сақтап, тиімді қорғауды қамтамасыз ету үшін салынады. Ғалымдардың зерттеуінше, сырқаттанған адамдарда антиденелер деңгейі алты ай ішінде төмендейді. Содан кейін көрсеткіш 15 айға дейін тұрақты болып сақталады екен. Ревакцинация үшін вакцинаның 1 ғана дозасы пайдаланылады. Айта кетейік, кейбір вакциналар адам өмірінде бір рет қана жасалса жеткілікті, ал кейбір вакциналарды белгілі бір уақыт өткенде күші қайтуы себепті қайта егіп тұру, яғни ревакциналау керек. Бір қуантарлығы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдегендей елдегі эпидахуал тұрақтанып, ковидтік стационарлар жабылуда. Тұралап қалған талай сала қайта қалпына келіп, бизнес біртіндеп жанданып, ел экономикасы да еңсе тіктеу жолында.