Қарапайым азамат басқаларды соттау үшін құрметті құқыққа қалай ие болады?

Алқабилер қатысатын сот – бұл Қазақстан Республикасында 2007 жылдан бері қолданылып келе жатқан қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу нысандарының бірі. Алқабилер адамды кінәлі деп тапқан жағдайда, судья оған жаза тағайындайды, ал кінәсіз болған жағдайда одан босатады.

Күдікті алқабилердің қатысуымен соттың өз ісін қарауы туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы. Егер бұл өтініш қанағаттандырылса, алқабилер алқасы жиналады, оған он төреші (плюс екі қосалқы) кіреді, оларға бір кәсіби судья қамқорлық жасайды.

Алқабилерге кандидаттардың тізімдерін атқарушы органдар қалыптастырады. Бұл деректер соттарға беріледі, ал онда өз кезегінде 200-300 адам таңдалады.

​Барлығы алқабилерге жарамайды. Тізімдерге 25 жасқа толмаған азаматтар, сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, өтелмеген соттылығы бар адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар кірмейді.

Қылмыстық іс бойынша сот ісін жүргізу жүргізілетін тілді білмейтін адамдар, өзінің физикалық немесе психикалық кемшіліктеріне байланысты алқабилердің міндеттерін атқара алмайтын адамдар, 65 жастан асқан адамдар, діни қызметкерлер алқабилерден өз бетінше бас тартуды ала алады. Бұл жағдайда тек себебін көрсетіп өтініш жазу керек.

Егер сізге алқаби болуға құрметті құқық берілсе, сіз өз борышыңызды орындаудан бас тартуға және сот төрелігін жүзеге асыруға қатыспауға құқығыңыз жоқ. Сотқа дәлелсіз себептермен келмеу 10 АЕК мөлшерінде айыппұлға дейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Алқабилер сотталушының кінәсі немесе кінәсіздігі туралы шешімді кәсіби судьяның көзқарасына қарамастан өздерінің ішкі сенімі негізінде қабылдайтынын білу қажет. Қазылар алқасы істі күнделікті тәжірибе, мораль, даналық тұрғысынан бағалайды.

Ал жазаның өзі ар-ұждан бойынша шешім қабылдайтын адамдардың үкіміне сүйене отырып, судья кәсіби заңгер анықтайды.

Сот отырысына қатысу үшін алқаби ретінде таңдалған адам негізгі жұмыс орнынан кетуге мәжбүр. Бұл уақыт оған төленеді ме? Жұмыс беруші қанағаттанбаса ше?

Біріншіден, алқабидің негізгі жұмыс орны бойынша барлық кепілдік пен жеңілдіктер сақталады. Алқабиді жұмыстан шығаруға немесе оны сотта міндеттерін атқару кезінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша төмен ақы төленетін жұмысқа ауыстыруға жол берілмейді.

Екіншіден, алқабиге нақты іс аяқталғаннан кейін сыйақы төленеді. Егер істі қарау кешіктірілсе, төлем ай сайын бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Сыйақы мөлшері – аудандық соттың лауазымдық жалақысының жартысы (бірақ алқабидің негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес сотта болу уақытына парапар). Алқабидің соттағы міндеттерін орындау уақыты еңбек өтілін есептеу кезінде ескеріледі.

Сотта өз міндеттерін жүзеге асыру кезеңінде алқабиге де заңдарда белгіленген судьялардың тәуелсіздігінің кепілдіктері қолданылады. Алқаби, оның отбасы мүшелері және олардың мүлкі мемлекеттің қорғауында.

Алқаби болу – әрбір азаматтың құрметті борышы, сондай-ақ елдің сот билігінің жұмысына қатысудың бірегей мүмкіндігі.

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасы