Қарапайым қалдықтан қолғап шығады

Теміртау қаласында Qarmet өнеркәсіп кластері аясында алғашқы өндірістік жоба іске қосылды. Жобаны Qarmet Service базасында және ТОО «GLOVEX» компаниясымен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланған. Оның негізгі мақсаты – өнеркәсіптік қолдануға арналған трикотаж қолғаптарды жергілікті өндіруді дамыту, сондай-ақ өңірде қосымша құндылық қалыптастыру.

Бұл бастама Qarmet компаниясының өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және ел ішінде тұрақты өндірістік инфрақұрылым құру стратегиясының маңызды бөлігі. Жоба тек өндіріс процесін ұйымдастырумен шектелмей, экологиялық тұрғыдан да маңызды жаңалықты енгізеді: қолғаптар өндірісінде жабық цикл экономикасы принциптері қолданылады.

Өндірістің ерекшелігі – шикізат ретінде қайта өңделген текстиль қалдықтары, соның ішінде бұрын пайдаланылған арнайы жұмыс киімдері пайдаланылады. Бұл қалдықтар қайта өңделіп, жаңа өнімге айналуы арқылы экологиялық жүктеме азайып, тұрақты жергілікті жеткізу тізбектері қалыптасады. Осылайша, өндіріс тек қаржылық емес, экологиялық тиімділік тұрғысынан да маңызды жобалар қатарында тұр.

Qarmet компаниясының стратегиялық даму директоры Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, жоба ең алдымен компанияның өз өндірісіндегі жеке қорғау құралдарына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге бағытталған.

«Болашақта өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен ұлғайту және өнімді Қазақстандағы басқа өнеркәсіптік кәсіпорындарға жеткізу жоспарлануда. Жобаның тұрақтылығы ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттармен бекітілген, бұл өндірістің тұрақты жұмысын және сатылым көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді», – дейді Тұрар Жолмағамбетов.

GLOVEX компаниясы текстиль қалдықтарын қайта өңдеу және дайын өнім шығару бойынша маманданған. Кәсіпорын шикізатты қайта өңдеуден бастап, дайын өнімді шығару және қаптауға дейінгі толық өндірістік циклмен қамтамасыз етілген. Өндіріс кешені бірнеше бөлімшеден тұрады: ұсақтау-тарақтау және иіру кешендері, инеқадау әдісімен мата өндіру желілері, трикотаж учаскесі, жабын жағу және трафареттік басып шығару желілері, сондай-ақ латекс және нитрил жабындысы бар макан әдісімен қолғап өндіру желісі.

Өндірістік қуат қазіргі таңда 80 заманауи автоматтан тұрады, бұл айына 300 мың жұп қолғап шығаруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өндірісті миллион жұпқа дейін кеңейту жоспарлануда.

Болашақта жобада басқа типтегі қолғаптар мен жеке қорғау құралдарын жергілікті жерде өндіру жоспарланып отыр. Бұл қадам – отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға және Қазақстандағы тұрақты өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға қосымша үлес.

Осылайша, Теміртаудағы жаңа өндірістік жоба қайта өңделген материалдарды тиімді пайдаланып, экологиялық таза өнім шығарумен қатар, жергілікті экономиканы қолдап, өнеркәсіптік кооперация мен тұрақты өндірістік жүйелерді дамытуға мүмкіндік береді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»