Аралас сайлау жүйесі енгізілді
Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарда аралас сайлау жүйесіне көшуге байланысты сайлауды өткізудің бүкіл жүйесі қайта құрылды. Сегізінші шақырылымнан бастап Парламент Мәжілісі жаңа жүйе бойынша жұмыс істейтін болады, депутаттардың бір бөлігі партиялық тізімдер бойынша, бір бөлігі бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланатын болады. Бұл депутаттардың бір бөлігі партиялық тізімдер арқылы, бір бөлігі кандидатты халық тікелей сайлау арқылы сайланатынын білдіреді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлім етті.
Өз кезегінде, өңірлер мәслихаттары мажоритарлық жүйе бойынша 50%, партиялық тізімдер бойынша 50% қағидаты бойынша құрылатын болады.
«Аудан мәслихаттары тек бір мандатты округтер бойынша құрылады. Сайлау процесінің өзі уақыт талаптарына сүйене отырып жетілдіріледі. Депутаттық мандатты қайтарып алудың жаңа институты енгізілуде. Императивті мандат дегеніміз егер бір мандатты округ бойынша сайланған депутат қоғамның сұраныстарын қанағаттандырмаса, мұндай депутатты қайтарып алу мүмкіндігі. Шын мәнінде – бұл сайланатын депутаттардың жауапкершілігін арттыру тетігі және олар мәлімдеген сайлауалды бағдарламаларды іске асыруға ынталандыру. Бұл ретте мұндай модель кезінде депутаттың өкілеттігін тоқтату да аралас: не кандидатты партиялық тізімнен шығару, саяси партияны тарату не сайлаушылардың депутатты кері қайтарып алуы», — деді вице-министр.
Сонымен қатар аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізілуде. Әкімдерді сайлау үш кезеңде өтеді, 2023 жылы әкімшілік-аумақтық бірліктердің 25%, 2024 жылы 25%, ал 2025 жылы барлық аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өтеді. Бұл ретте пилоттық өңір облыс әкімінің ұсынысы бойынша облыс мәслихатының шешімімен айқындалады.