«ҚАРА ТІЗІМНЕН» ҚАЛАЙ ШЫҒУҒА БОЛАДЫ!?

Енді банк алдындағы берешегін 90 күннен ұзақ қайтармай, «қара тізімге» енген қазақстандықтар кредиттік тарихын қайтадан қалыпқа келтіре алады. Тек талап бойынша, несие жабылғаннан кейін тура бір жыл өтуі керек. Ал, жаппай уақыт оздырып алған несиесін банкке барып, ыңғайлы қарыз өтеу кестесін жасатуға болады. Несие толық жабылғаннан кейін тұп-тура бір жыл уақыт өтуі керек. Оған қоса, осы аралықта басқа «проблемалы қарыздар» болмауы тиіс.

Несиені рәсімдеу үшін арнайы құжаттар керек емес. Кредиттік бюро мәселені өздігінен реттейтін болады. Бұған дейін, «қара тізімге» іліккен азаматтар қаржыны қайтаруға жағдайсыз ретінде тәуекелі жоғары санатқа жататын. Сондықтан, оларға ешқандай несие берілмейтін. Ал, қарызын әлі төлеп бітпегендер үшін сотқа дейінгі реттеудің жаңа жолдары қарастырылмақ. Яғни, екінші деңгейлі банктер әр адамның төлем қабілетін есептеп, оны біртіндеп жабуға мүмкіндік беретін кесте жасайды.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше – бұл бастама кредиттеу саласын реттеу және халықтың қайтарылмай жатқан борышын тежеу мақсатында қолға алынған. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбсары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, мерзімі өткен борыштың өсуіне жол бермеу үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап несие мен микрокредиттерді уақытында салмағандағы өсімпұлды айыбын салуға тыйым салатын жоба қабылданған. Атап айтсақ — мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар азаматтар сондай-ақ, несиенің шамадан тыс өсуіне жол бермеу және кредиттік тәуекелдерді азайту мақсатында табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруге тыйым салынды.

«Сонымен бірге, өткен жылдан бастап аталған ұйым борыштық жүктеменің коэффициентін белгіледі. Оған сәйкес, егер кредит бойынша төлемдер қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50%-ынан асса, банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алушыларға қарыз беруіне тыйым салынды. Бұл ретте банктер қарыз алушылардың төлем қабілетін ресми түрде біліп алуы керек.
Қабылданған шаралар нәтижесінде банктердің тәуекел тәбеті төмендеді, — деді Әбдірахманов. Меншікті капиталға түсетін жүктеме қарыздар бойынша 140%-дан 150%-ға дейін өскен. Ал, ата- улы әлеуметтік көмек алушы қарыз алушылар саны 112 мың адамға дейін яғни 53%-ға төмендеген.

«Бұл ретте, несие бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешектің деңгейі 6,9%-ға дейін төмендепті. Мысалға 2019 жылы бұл сан 8,6% болған. Кредиттік қарыздың өсуі негізінен ипотекалық қарыз тарапынан болған. Оларды беру көлемі 2020 жылы 34,3%-ға өсті», — деді маман.

Агенттік төрағасының орынбасарымерзімі өткен берешегі толық емес, тек ішінара өтелген қарыз алушылардың басқа санаты туралы да айтып берді. Банктер осындай қарыз алушымен ыңғайлы кесте жоспарын жасайды. Тиісінше, мұндай қарыз алушылар несиесі толық өтелген соң «оңалтылған» деген мәртебеге ие болады. Кейін бұл топтағы азаматтарға несие беру-бермеуді әр қаржы ұйымы жеке-дара қарап, дербес шешім қабылдайды.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»