Қарағандының жас данышпандары

Алматы қаласында өткен XVII Еуразиялық информатика олимпиадасында Қарағанды облысының оқушылары жоғары нәтижелер көрсетіп, алтын, күміс және қола медальдарды жеңіп алды. Өңір намысын қорғаған жас дарындар беделді халықаралық зияткерлік додада үздіктер қатарынан көрінді.

Олимпиадаға Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен 72 команда, жалпы 216 оқушы қатысты. Байқау екі кезеңде өтті: қараша айында ұйымдастырылған іріктеу интернет-турына 255 команда қатысып, олардың арасынан ең мықтылары финалға жолдама алды.

Байқау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дипломдары мен медальдарымен 171 қатысушы марапатталды. Атап айтқанда, 30 жеңімпаз I дәрежелі диплом мен алтын медальға, 54 оқушы II дәрежелі диплом мен күміс медальға, ал 87 қатысушы III дәрежелі диплом мен қола медальға ие болды.

Әр команда үш оқушыдан құралды. Қарағанды облысынан жарысқа өңірдегі жетекші білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты.

«Білім-инновация» мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрлан Даниял күміс медаль мен II дәрежелі дипломға ие болды. Ал Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Алинұр Қалықов қола медаль мен III дәрежелі дипломға лайық деп танылды.

Ең жоғары нәтижеге Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Батыр Ерденов қол жеткізді. Ол команда құрамында бірінші орынды иеленіп, алтын медальмен марапатталды.

– Бұл олимпиада – Еуразия өңіріндегі алгоритмдік бағдарламалау бойынша ең беделді командалық жарыстардың бірі. Сайыс форматы ICPC деңгейіндегі халықаралық олимпиадаларға барынша жақын. Шектеулі уақыт ішінде біз 12 күрделі тапсырманы орындауымыз керек болды. Командамыз оның жетеуін сәтті шешіп, үздік нәтижелердің біріне қол жеткізді. Соның арқасында алтын медальдарға ие болдық, – деді Батыр Ерденов.

Жеңімпаздың тәлімгері, информатика пәнінің мұғалімі Темірлан Мұқатай да осы жетістіктің маңызын атап өтті.

– Биылғы нәтиже оқушыларымыздың халықаралық деңгейде сенімді өнер көрсете алатынын дәлелдеді. Бұл Қарағанды облысындағы мектеп оқушыларының ақпараттық технологиялар саласындағы дайындық деңгейінің жоғары екенін, олардың ынтасы мен әлеуетінің зор екенін көрсетеді, – деді ұстаз.

Олимпиаданы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Спорттық бағдарламалау федерациясы ұйымдастырды. Жарыстың жоғары деңгейде өтуі және қатысушылардың белсенділігінің арқасында олимпиада халықаралық қауымдастықта ерекше беделге ие болды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»