Қарағандыны түтін басты: ауа ластануы күрт өсті

Қарағандыда жылыту маусымының басталуымен бірге экологиялық ахуал қиындап отыр. Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсенің деректеріне сәйкес, тек 2024 жылдың өзінде қалада ауаға зиянды заттардың шекті мөлшерден асып кетуінің 46 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл – Алматыдағы көрсеткіштен 14 мыңға артық.

Мамандардың айтуынша, ауаның ластануына жылу энергетикасы нысандары, көмір өндіретін кәсіпорындар және пешпен жылынатын жеке үйлер себеп болып отыр. Қазір Қарағандыда шамамен 25 мың үй қатты отынмен жылытылып, бір маусымда орта есеппен 290 мың тонна көмір жағылады.

«Қазгидромет» мәліметінше, соңғы жылдары Қарағандының атмосфералық ауасы тұрақты түрде «өте жоғары» ластану деңгейінде қалып отыр. Бақылау 7 стационарлық бекетте жүргізіліп, онда шаң, күкірт диоксиді, азот тотығы және басқа да зиянды элементтердің мөлшері тексеріледі.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қалада газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 6 мың абонентке газ тартылып, олардың 4 мыңы отынды пайдалана бастаған. Дегенмен сарапшылар табиғи газға толық көшу мен баламалы энергия көздерін енгізбейінше, Қарағандының әлі де елдегі ең лас қалалардың бірі болып қала беру қаупі барын айтады.