Қарағандылық журналист жоғары марапатқа ие болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар үздік журналистерді марапаттады. Президент өз сөзінде ұлттық медианың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.

– Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әр адамның қолынан келе бермейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы дәстүр бойынша журналистерге Президент сыйлығы мен гранттарын табыстап, медиа саласының үздік өкілдерін мемлекеттік наградамен марапаттады.

Осы орайда, Қарағанды өңірінің абыройын асқақтатып жүрген «SARYARQA» телеарнасының бас редакторы, кәсіби журналист Гүлбақша Ақажанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Гүлбақша Беркінқызы – ақпарат алаңында халықтың мұң-мұқтажын ұдайы көтеріп, өңір жаңалығын жұртшылыққа шынайы жеткізген тәжірибелі маман. Оның айқын қолтаңбасы әрбір сюжеттен, әрбір жаңалық топтамасынан көрініс табады.

Мемлекет тарапынан журналист еңбегіне берілген бұл жоғары баға – өңір журналистикасы үшін зор мәртебе, жас тілшілерге үлгі болары сөзсіз.

Біз өз кезегімізде әріптесіміз Гүлбақша Беркінқызын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт пен зор денсаулық тілейміз!

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»