Қарағандылық ультрамарафоншы 440 шақырымды еңсермек
Қарағанды гарнизоны әскери полиция басқармасының қызметкері Заңғар Алкенов жаңа ультрамарафонға дайындалуда. Ол өз нәтижесін Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арнап отыр.
— Бұл менің соңғы марафоным болады. Спортпен айналысуды, әрине тастамаймын, дене шынықтырумен айналысамын, бірақ марафондарға қатысуды тоқтатамын. Биыл 440 шақырымды бағындырғым келеді. Бұл жетістікті мен біздің еліміз 2022 жылғы 7 мамырда атап өтетін Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орайластырғым келеді. Мен арнайы жоспарға сәйкес дайындаламын: дұрыс тамақтану, жаттығу процесі және дене шынықтыру ерекшеліктері. Жаттығулар қызметтен бос уақытта ғана өтеді, бірақ іс-сапарда жүргенде дайындықты тоқтатпаймын. Басшылық менің бастамама түсіністікпен қарайды және мені қолдайды, — дейді Заңғар Алкенов.
Ультрамарафоншы әрдайым спортпен шұғылданып, жекпежекпен, самбомен айналысты, қазақ күресінен Қазақстан құрамасының құрамында болды. Ол қазақ күресінен спорт шебері, дзюдодан спорт шеберіне үміткер. 2012 жылы жарақат алғаннан кейін ұзақ қашықтыққа жүгіруді бастады.
Естеріңізге сала кетейік, Заңғар Алкенов өткен жылдың мамыр айында 320 км қашықтықты жүгіріп өткен болатын. Ол Жезқазғанда бастап, туған жері Жаңаарқаға дейін жетті. Осыдан бір жыл бұрын спортшы 200 км қашықтықты бағындырды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі