Қарағандылықтар «Жолда қабылдау» акциясында өз мәселелерін шешті

Қарағандыда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында облыстық Полиция департаменті «Жолда қабылдау» атты кең көлемді акция өткізді. Шараның басты мақсаты – тұрғындармен ашық диалог орнатып, олардың көкейкесті мәселелеріне құқықтық кеңес беру.

Шараға облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров қатысты. Қала тұрғындары құқықтық тәртіп, әкімшілік айыппұлдар, көлік салығы және шлагбаум орнату мәселелері бойынша сұрақтарын қойды. Әсіресе жеке сектор тұрғындары базар аумағына қойылған шлагбаумдарға қатысты шағымдарын жеткізді. Полиция өкілдері аталған жағдайлар бойынша тексеру жүргізілетінін және арыз иелеріне жазбаша жауап берілетінін мәлімдеді.

Акция барысында тұрғындар тек құқықтық кеңес қана емес, ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған жеке мәселелерін де көтерді. Мысалы, қала тұрғыны Нина Петрова екі жыл бұрын пәтер иесінің заңсыз әрекетінен зардап шеккенін айтып, осы жолы мамандар көмегімен мәселесін шешуге мүмкіндік алған.

«Ұлым Қарбышев көшесіндегі пәтерде тұрған. Үй иесі ұлым болмаған сәтте кіріп, тоңазытқыш, теледидар және басқа да тұрмыстық заттарды алып кеткен. Екі жыл бойы шешілмеген мәселені полиция қызметкерлері небәрі бес минутта реттеп берді. Үлкен рақмет!» – дейді Нина Петрова.

Акция аясында жас жол қозғалысы инспекторлары бүлдіршіндерге арналған жол ережесіне байланысты викторина ұйымдастырып, дұрыс жауап берген балаларға естелік сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ мектеп оқушылары «Самокатты қауіпсіз пайдалану» тақырыбында шағын сахналық көрініс қойып, шараның тәрбиелік маңызын арттырды.

Осындай бастамалар арқылы құқық қорғау органдары халықпен байланысты нығайтып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға үлес қосып келеді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»