Қарағандылықтар жолақы қымбаттауына дайын ба?
Қарағандыда қоғамдық көліктегі жолақының қымбаттауы мүмкін деген ақпарат тұрғындарды алаңдатып отыр. Жуырда тарифтің 100 теңгеден 120 теңгеге дейін өсуі ықтимал. Бұл көлік картасы арқылы төлем жасаған жағдайда. Ал қолма-қол есеп айырысқанда, бір реттік жолақы 250 теңгеге жетуі мүмкін. Қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл жаңалықтың артында қандай себептер тұр?
Автопарк иелері бағаның өсуін негізінен жанармай құнының қымбаттауымен байланыстырады. «№3 автобус паркі» ЖШС директоры Артур Григорян инфляция үдерісін әзірге тоқтату мүмкін емес екенін алға тартады.
«Сәуір айынан бері жанармай бағасы кезең-кезеңімен өсіп келеді. Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда оның құны тағы 31 теңгеге артты. Бұл – қоғамдық көлік шығындарының артуына әкеліп соғатын негізгі факторлардың бірі», – дейді ол.
Өткен жылы 1 маусымда жолақы өскен еді. Он жыл бойы өзгермей келген 80 теңгелік тариф 100 теңгеге жетті. Қолма-қол төлем жасаған жағдайда бұл сома 200 теңгеге дейін артты. Енді биыл да бағаның тағы қымбаттауы тұрғындарды мазасыздандырып отыр.
Мамандардың айтуынша, қазіргі есептік тариф – 470 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 90 теңгеге жоғары. Ал сол кезде бұл көрсеткіш 380 теңге болған. Қазіргі субсидия көлемі шығынды толық жаппайды, сондықтан тарифті қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.
Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев былай деді:
«Жанармай бағасы қайта есептелсе де, оның құны субсидия қажеттілігінің құрамына енеді. Бұл бюджетке қосымша ауыртпалық түсіреді. Сондықтан жолақыны көтеру шаралары қарастырылып жатыр. Алматыда да дәл осындай тариф: карта арқылы – 120 теңге, қолма-қол – 250 теңге».
2024 жылы тасымалдаушылардың шығынын өтеу үшін 23 миллиард теңге қажет болған. Алайда, оның тек 18 миллиарды ғана субсидия ретінде бөлінген. Биыл алғашқы жартыжылдыққа небәрі 12 миллиард теңге қарастырылған. Жыл соңына дейінгі жалпы қажеттілік – 28 миллиард теңге шамасында.
– Бюджет мүмкіндіктеріне сүйене отырып, шығындарды толық өтеу мүмкін емес. Сондықтан автопаркті жаңарту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Субсидия толық көлемде берілсе, бұл үдеріс әлдеқайда жылдам болар еді, – дейді Темірлан Талдыбаев.
Жолақының нақты қай күні қымбаттайтыны әзірге белгісіз. Ең алдымен бұл мәселе Қоғамдық кеңесте және қалалық мәслихатта қаралатын болады.
«Тарифті көтерудің негізділігін депутаттарға дәлелдеу қажет. Содан кейін ғана тиісті нормативтік-құқықтық акт қабылданады. Ол «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған соң, тұрғындарға нақты күні көрсетіліп, ресми түрде хабар беріледі», – дейді Темірлан Талдыбаев.
Жолақының қымбаттауы – Қарағанды тұрғындары үшін жағымсыз жаңалық. Дегенмен, тасымалдаушылар мен әкімдік өкілдері бұл қадамды қаржылық қажеттілікпен байланыстырып отыр. Ал оның қаншалықты негізді екенін қалалық мәслихат пен қоғам өкілдері жақында анықтайтын болады.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»