Қарағандылықтар Түркия мәдениетімен танысты

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында Түркия мәдениеті апталығы басталды. Шара «Мәдениеттер тоғысында» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Жоба 2024 жылдан бері жүзеге асып келеді және осы уақытқа дейін жеті елдің мәдениеті таныстырылған.

«2024 жылдан бастап кітапханамызда «Мәдениеттер тоғысында» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобамыздың басты мақсаты – қарағандылық балаларды әлем халықтарының салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстыру, мәдениеттер биігіне көтеру», – дейді Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Баян Уатаева.

Апталықтың шымылдығы белгілі суретші Валерий Роголевтің көрме-инсталляциясымен ашылды. Автор Түркияны өзіндік ерекше қырынан бейнелеп, теңіз самалын, шығыстық базардың әсемдігін, хош иісті дәмдеуіштерді және көшелерді мекендеген мысықтарды композиция арқылы көрсетті.

«Онда бақылау алаңы, теңіз, желкенді қайықтар, сауда дүкендері, адамдар мен жағажай бар. Әрине, мысықтар да бейнеленді, өйткені бұл елде олар ерекше орын алады», – дейді суретші.

Көрме-инсталляцияны жасауға екі ай уақыт кеткен. Қонақтар оны екі апта бойы тамашалай алады.

Апта ішінде келушілерді көптеген танымдық шара ұйымдастырылды:

— түрік асханасының дәмін тату;

— қолөнер бойынша шеберлік сабақтары;

— әдеби салондар;

— квест-ойындар мен театрландырылған қойылымдар.

«Шара барысында бауырлас түркі халқының мәдениетімен таныстық. Бұл тек рухани байлық қана емес, білім жағынан да үлкен үлес қосты. Қазақ пен түрік халықтарының дәстүрлері бір-біріне ұқсас екенін тағы да көрдік», – деді «Білім-инновация» лицейінің қосымша білім беру педагогы Динара Әбдірахман.

Апталық «Жүзім мерекесі» атты интерактивпен қорытындыланды.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»