Қарағандылықтар Республика күніне орай бірігіп мемлекеттік Әнұран орындады
Қарағанды облысы Республика күнін ерекше рухпен қарсы алды. Облыс орталығындағы Ту тұғырнамасы маңында жүздеген тұрғын елмен бірге мемлекеттік Әнұранды орындап, мереке сәнін кіргізді.
Салтанатты шараға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әскери қызметшілер, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Биыл – тәуелсіздік тарихындағы маңызды белес. Дәл 35 жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Бұл құжат ел тәуелсіздігіне бастау болған тарихи шешім еді.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, Республика күнінің ел бірлігі мен тұрақтылығы тұрғысынан маңызын атап өтті.
– 25 қазан – еліміздің жаңа тарихындағы ерекше күн. Республика күні – біздің еркіндігіміздің, бірлігіміздің және Отан алдындағы жауапкершілігіміздің нышаны. Бұл мереке – бейбітшілік пен келісімнің, ел бірлігі мен тұрақтылықтың қадірін ұғындыратын маңызды күн. Осы құндылықтардың арқасында біз бүгінгі табыстарға жеттік. Тәуелсіздігіміз мәңгі, бірлігіміз бекем болсын! Республика күні құтты болсын! – деді аймақ басшысы.
Мерекеге қатысқан қарағандылықтар да өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Қала тұрғыны Дмитрий Шафигуллин елге амандық, бейбіт өмір және жарқын болашақ тіледі.
– Баршаңызға зор денсаулық, ашық аспан, береке мен тыныштық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді ол.
Жастар да бұл күннің ерекше рухын сезінді. Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің бірінші курс студенті Рустам Перов мерекеге алғаш рет қатысып отырғанын айтып, өз тілегін білдірді:
– Республика күнімен баршаңызды құттықтаймын! Елімізде бейбіт өмір мен татулық болсын. Баршаңызға денсаулық пен амандық тілеймін, – деді жас қарағандылық.
Қарағанды облысының барлық қаласы мен аудандарында мемлекеттік Әнұран бір мезетте шырқалып, ел тұрғындары Республика күнін ортақ рухпен атап өтті.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

