Қарағандылықтар Наурыз мейрамын қалай атап өтті?

 

Қарағанды облысы Наурыз мейрамын дүркіретіп тойлады. Облыс орталығында Наурыз мейрамы Наурыз тарихы туралы «Құс қанатындағы Наурыз» атты театрландырылған қойылыммен ашылып, оған кәсіби және әуесқой әртістер қатысты.

Дәстүрлі кейіпкерлер Жер-ана мен Қыдыр ата көктемнің келуін көрсетті.

– Құрметті қарағандылықтар, баршаңызды бүгін келген Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Барлықтарыңызға жақсылық, амандық тілеймін! Ақ мол болсын, тек жақсылықта кездесе берейік! Бүгінгі той өте жақсы өтіп жатыр, сондықтан барлық отбасыға жақсылық тілеймін. Наурыз мейрамы құтты болсын! – деп қарағандылықтарды облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев құттықтады.

Көктемгі күн мен түннің теңелуімен бірге келген шуақты, жылы ауа райы да халықты қуантты. Орталық саябақтағы салтанатқа мыңдаған адам жиналды, көбі отбасымен келді.

Қала тұрғындары жерлестерін мейраммен құттықтап, керемет шара ұйымдастырғандары үшін қала басшылығына да алғыс жаудырды.

– Баршаңызды жыл басы – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Барлығына денсаулық, жер бетіне бейбіт аспан тілеймін. Осылайша барлық ұлт пен ұлыс болып бірге тойлап жүре берейік. Біз жыл сайын саябақтағы шараны көруге келеміз. Биыл бәрі өте керемет, осындай думан ұйымдастырған қала әкімдіктеріне – мың алғыс, – деп қала тұрғыны Гүлмира Жәкішева алғыс білдірді.

– Барлық қарағандылықты тамаша Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Барлығына денсаулық, бақыт және сәттілік тілеймін. Ақ мол болсын! Бейбіт өмір сүрейік. Маған бәрі ерекше ұнады. Басы қандай әдемі басталды, әрі қарай да тамаша концертпен жалғасуда. Бәрі керемет, біздің көңіл-күйіміз тамаша, көп рақмет, – дейді қала тұрғыны Елена Дюсембаева.

Саябаққа кіреберісте он шақты киіз үй тігілді, оларда шеберлік сабақтарына қатысуға, халық тарихына енуге, ұлттық тағамдармен танысуға мүмкіндік болды. Қолөнершілер шатырларында жергілікті қолөнер шеберлері бұйымдарын көрмеге қойды.

Мерекеге шетелдіктер де келді.

– Барша қарағандылықты, барша Қазақстанды көктемгі мейрам – Наурызбен құттықтаймын! Барлығына күлкі, көңіл-күй, денсаулық тілеймін. Ең бастысы, осының барлығын осы жерден көріп тұрған жайым бар. Саябақта таңнан бері жүрмін. Бәрі ұнады, концерт, адамдардың күлкісі, қуанышты жүздер, балалар… Бәрі бақытты, сондықтан салтанаты келіскен мейрам керемет өтуде деп айтуға болады. Біз Новосібірден келген қонақпыз, жарты жылда бір рет келіп тұрамыз және келген сайын оң өзгерістерді көреміз, бұл қуантады, – деп бөлісті қала қонағы Владимир Николаевич мырза.

– Наурыз құтты болсын! – деп қарағандылықтарды Нигерияның Кадуна қаласынан келген қонақ Эмануэль Зака қазақша құттықтады. – Мен мұндай мейрамда бірінші рет болып тұрмын. Барлығы ұнайды: қала да, адамдар да мейірімді, жылы шырайлы.

Мерекелік алаңда кез келген талғамға арналған ойын-сауық табылады, әркім өзі қалаған қызықты шараларға қатыса алады. Балалар мен жастар үшін алтыбақан құрылды. Жұртшылық аңшы иттер және құстармен суретке түсіп жатты.

Сондай-ақ спорттық жарыстар да өтті, онда ниет білдірген жанның бәрі бақ сынады. Қарағандылық Аслан Серәлімов гірді 115 рет көтеріп қошеметке бөленді.

– Мен 35 жастамын, жеке кәсіпкермін. Жас кезімде түрлі спортпен айналыстым. Бүгінгі жарысқа еш дайындықсыз келіп қатыстым. Бір ай бұрын шаңырақ көтерген едім, жұбайым екеуімізді құттықтау үшін үйге жиналған қонақтардың да біразы осы саябаққа келді, – деп бөлісті палуан. – Баршаңызды мейраммен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт, игілік тілеймін!

Мерекелік шара Бауыржан Исаев, Әміре және Ayree сынды эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты.

Облыс орталығында тұрғындарға ыңғайлы болу үшін мерекелік шаралар әр түрлі алаңда дайындалды. Атап айтқанда: Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау саябақтарында, Оңтүстік-Шығыстағы Достық үйінің жанында т.б. «Шахтер» стадионында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»