Қарағандылықтар Франциядағы әйелдер күресі бойынша Гран-приде екі алтын жеңіп алды
Қарағандылық Эльмира Сыздықова мен Гүлдана Бекеш Анри Деглан атындағы әйелдер күресі бойынша Франция Гран-приінің жеңімпаздары атанды.
Ниццада өткен жарыста Эльмира Сыздықова 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті, ал Гүлдана Бекеш 59 келіге дейінгі салмақта күресті. Екі спортшы да қарсыластарын жеңіп, турнирдің алтын медалін алды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Гүлдана Бекеш Азия жастар чемпионатының қола жүлдегері атанған. Эльмира Сыздықова да құрлықтық біріншілікте үшінші орын иеленді, бірақ ересектер деңгейінде.
Спортшыларды Владислав Сутормин мен Ермек Әбділдин жаттықтырады.
Анри Деглан – грек-рим стиліндегі Француз балуаны, 1924 жылғы Олимпиада чемпионы. Оны еске алуға арналған халықаралық турнир дәстүрлі түрде Ниццада өтеді.
Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты негізінде