Қарағандылықтар белсенділік танытты

Қарағандылықтар АЭС салу бойынша республикалық референдумда дауыс берді. Референдум барысында Қарағандыда дауыс беруге құқы бар азаматтар өз таңдауын жасады.

Қарағандыда дауыс беру учаскелері таңғы 7-де ашылып, алғашқы болып жұмысқа асыққан тұрғындар келді. Қарағандыда 170-тен астам дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Одан кейінгі кезекте аға буын өкілдері келе бастады. Солардың бірі Сағи Ербол есімді қала тұрғыны. Ол АЭС құрылысы ел үшін өте маңызды екенін атап өтті.

– Сайлау учаскесіне келіп дауыс бердік. Еліміз үшін маңызды қадам деп ойлаймын. Атом электро станцияның құрылысы еліміз үшін өте үлкен қадам деп ойлаймын, – деген ойын білдірді қала тұрғыны Сағи Ербол.

Референдумға қатысқандардың ішінде зейнеткерлер де тыс қалмады. Татьяна Цой жақында 84 жасқа толады, ал оның жұбайы Анатолий Хенге 88 жаста. Зейнетке шыққанға дейін Анатолий шахтер болып жұмыс істеген, ал Татьяна көмір өнеркәсібінде ұзақ жылдар еңбек етті.

– Әрине, референдумға келіп дауыс беру, әркімнің жеке ісі, десе де заңды тұрғыда біз келіп өз дауысымызды қалдырдық. Ешкімнің атын атап, түсін түстемеймін. Тек қана халықтың қалауы орындалып, тұрғындарға денсаулық тілеймін, – дейді Татьяна Цой.

Екеуі де әр адамның дауысы маңызды деп санайды, сондықтан референдумге алдын ала дайындалып, жақындары мен таныстарын бұл шараны елемей өтпеуге шақырды. Ал аксақалдардың көңіл-күйін нығайту үшін 63-мектептегі учаскеде шай мен тәттілер ұсынылды. Түскі уақытта учаскелердегі белсенділік артты, №1 учаскеде халық легіне дайындық барынша жүргізілді. Мұнда тұрғындардың ерекше қажеттіліктері үшін арнайы орындар жабдықталған. Ал таңертең алғаш дауыс бергендер үшін сыйлықтар ұсынылды.

– Өткізілген бұрынғы шаралармен салыстырғанда, дауыс беру деңгейі түскен жоқ. Бүгінде тіпті жас отбасылар, жастар да келіп, өздерінің дауысын қалдыруда. Бұл дегеніміз үлкен буынға емес, сондай-ақ біздің елдің жастарына да референдумда өз ойларын жеткізу өте маңызды екенін көрсетеді, – дейді учаске төрайымы Татьяна Шнель.

Алтынбек Төлеубаев әрдайым сайлауларға қатысып, референдумда өз ойын білдірген. Ал қазір немерелері болған кезде, бұл жауапкершілікті одан да қатты сезінеді.

– Елдегі мұндай өзгерістерге біз бейжай қарай алмаймыз және үнемі қалдырмай қатысуға тырысамыз. Себебі, елдің болашағы мен балаларымыздың болашағы бізді алаңдатады, – деді ол.

Қарағанды облысында 761 604 адам дауыс беру құқығына ие. Ең аз сайлаушылар Приозерск қаласында – 6 622 адам. Ең көп сайлаушы Қарағандыда – 354 988 адам. Референдум күні Қарағандыда автобустар тегін жүрді.

– Әрине, мен ҚР азаматы ретінде мұндай өзгерістерге белсенді қатысамын. Себебі, елдегі жаңа инновациялар бұл бірінші кезекте елдің дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан осындай ауқымды шараларға барлығы бір жұдырықтай қатысып, өз дауыстарын білдіріп, сыртта қалмауы тиіс, – деп есептейді тағы бір тұрғын Әсия Қанайбекова.

Еске сала кетейік, референдум Қазақстан тарихында төртінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы екеуі 1995 жылы өтті, олар Президент өкілеттігін ұзарту мен жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты болды. Үшіншісі 2022 жылы 5 маусымда елдің Негізгі Заңына өзгерістер енгізу бойынша өтті. Бұл референдумда ел тарихында өз орнын алатыны сөзсіз.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»