Қарағандылықтар Қарасазда жарқ етті

Қарағандылық мектеп оқушылары Алматы облысында өткен республикалық «Мұқағали Мақатаев оқулары» байқауында жоғары нәтиже көрсетті. Әсіресе №61 мектептің 11-сынып оқушысы Алина Наурызбаева ерекше көзге түсіп, «Жыр эстафетасы» номинациясында Гран-при иегері атанды.

Байқаудың ақтық кезеңі ақынның туған өлкесі — Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында ұйымдастырылды. Қатысушылар Мақатаевтың жырларын жатқа оқып, оның сезім тереңдігін көркем түрде жеткізуге тырысты. Қазылар алқасы мәтінді мәнерлеп жеткізу, сахналық мәдениет пен шығармашылық көзқарасқа ерекше мән берді.

Алина байқауға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Төрекелдинаның жетекшілігімен дайындалған. Бұл – ұстаздың шығармашылық байқаулардағы 45-інші, ал Алинаның 12-інші жүлделі жеңісі.

– Байқау эстафета түрінде өтті. Қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың көлемі 40 бетке жуық үш ірі поэмасынан үзінділерді жатқа айтып шықты. Бір оқушы бастаса, келесі оқушы жалғастыру керек. Ең маңыздысы – кідірмей, мәтінді дәл әрі анық жеткізу. Алина бұл сынақтан сүрінбей өтіп, 20-дан астам қарсыласын артта қалдырды, – дейді тәжірибелі ұстаз.

Қазір Алина ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатыр. Ол болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандайды.

Байқауда тағы бір қарағандылық оқушы — Гаухар Бақытбек те жүлдемен оралды. Жамбыл атындағы мектептің оқушысы «Айтып өткен ақында арман бар ма?» номинациясында қола медаль жеңіп алды. Гаухарды байқауға мұғалімі Сана Разбекова дайындаған.

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»