Қарағандылық суретші «Қазақстанның ізгі ниет елшісі» атанды

Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасының тұсауы кесіліп, 7 адамға ресми төсбелгі мен тиісті диплом табысталды. Аталмыш жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынғанын айта кеткен жөн.

Ресми түрде «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» құрметті атағын алғаш болып иеленген 7 адамның арасында қарағандылық белгілі суретші және халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков те бар.

Дарынды және әлемге танымал суретші Кәріпбек Күйіков 55 жаста. Семей ядролық полигонындағы сынақтар кезінде оның ата-анасы радиациялық сәулеленуге ұшырап, салдарынан бала қолсыз туған. Қиын тағдырына қарамастан Кәріпбек ерін және бақайларымен ерекше суреттер салады, бүкіл саналы өмірінде ядролық қарусыз әлем үшін күресіп келеді.

– «Қазақстанның ізгі ниет елшісі» болу – мен үшін зор мәртебе. Сонымен бірге бұл – үлкен жауапкершілік, өйткені біздің тарихымызды әлемге көрсету, өнер мен мәдениетпен таныстыру, біздің қандай игіліктерге ұмтылатынымызды айту міндеті тұр. Мысалы, мен мұны суреттерім арқылы жеткіземін. Әрдайым айтамын және, тағы қайталаймын, мен ядролық қарудан алғашқылардың бірі болып бас тартқан елде өмір сүргенімді мақтан тұтамын, – дейді Кәріпбек Күйіков. – Бұл – менің жұмысымның басты тақырыбы және солай қалады, сондай-ақ суреттерім арқылы экология жайлы ойлануға шақырғым келеді. Әрине, мен осы құндылықтардың барлығын жас ұрпаққа жеткіземін.

Сыртқы істер министрлігінің жобасы БҰҰ даму бағдарламасының, UNESCO, UNICEF ұйымдарының тәжірибесі негізінде шетелдік аудитория назарын Қазақстанға аударуды, «жұмсақ күш» арқылы мемлекет абыройын нығайтуды көздейді.

«Ізгі ниет елшісі» атануға үміткерлер Қазақстан азаматы болу, өз ісінің нағыз маманы ретінде халықаралық деңгейде танымал болу, кіршіксіз моральдық келбет, «Ізгілік елшісі» миссиясын орындау жөніндегі төл бағдарламасының болуы сияқты өлшемшарттар негізінде іріктеледі.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»