Қарағандылық шахматшы Лондонда қола медаль жеңіп алды
Қарағандылық шахматшы Даниял Сапенов Лондонда өткен рапид және блиц бойынша Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болып, ел мерейін үстем етті. Бес жүзге жуық қатысушы жиналған додада Даниял атақты венгриялық гроссмейстерді жеңіп, өзінің ең үлкен жеңістерінің біріне қол жеткізді.
Шахмат әлемінде аты былтыр танылған Даниял бұған дейін блицтен алтын, рапидтен қола медаль алып үлгерген. Шахматтың жылдам түрлері аса шапшаң ойлау мен нақты есептеуді талап етеді.
«Қарсыласым өте мықты гроссмейстер еді, жеңемін деп күтпедім. Бұл — менің ең маңызды жеңісімнің бірі болды», — дейді Даниял өз әсерімен бөлісіп.
Ол шахматты бес жасында үйреніп, жеті жасынан бастап кәсіби дайындыққа кіріскен. Қазір жас чемпионның басты арманы — халықаралық гроссмейстер атағын алу. Ол күн сайын 4 сағат дайындалып, спортпен де, достарымен серуендеуді де ұмытпайды.
Даниялға жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»