Қарағандылық педагог республикалық байқауда үздік үштікке енді
Қарағандылық ұстаз Әсия Смықова Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауда үздік үштік қатарына кірді. «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры әрі оқытушысы барлық кезеңдерден сәтті өтіп, әдістемелік жұмысын ұсынып, үшінші орынға ие болды.
Бұл байқау еліміздің әр өңірінен келген үздік педагогтарды біріктіріп, қазақ тілін оқытудың заманауи әдістерін талқылауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Бар болғаны үш жыл бұрын құрылған «Шырақ» орталығы үшін бұл жеңіс – үлкен жетістік.
Жарыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар заманауи технологияларды қолдана отырып, өз сабақ өткізу әдістемесін қорғады. Екінші кезең блиц-викторина форматында өтіп, Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы мен қызметіне, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелері мен оқыту әдістемесіне арналды. Үшінші кезеңде қатысушылар алдын ала дайындықсыз түрлі деңгейдегі тыңдаушыларға ашық сабақ өткізіп, он минут ішінде аудиторияны қызықтыра білу қабілетін көрсетті.
– Бұл байқау – тек жарыс емес, сонымен бірге тәжірибе алмасудың маңызды алаңы, – дейді Әсия Смықова. – Біз әріптестеріміздің жұмыстарымен танысып, ең үздік әдістерді өзіміздің жүйемізге енгіземіз.
Байқауда басқа да қарағандылық мамандар марапатталды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы бөлімінің меңгерушісі Жұпар Жақан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасы Ербол Тілешовтің алғыс хатын алды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы дәстүрлі республикалық байқауды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырады. Оның басты мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасын кеңінен насихаттау, қазіргі заманға бейімдеу және қазақ тілін оқытудағы үздік тәжірибелерді тарату.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»