Қарағандылық оқушылар жеңімпаз атанды

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің кубогы үшін республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Бұл шарада еліміздің үздік мектеп оқушылары өздерінің білімдерін, шешендік шеберліктерін және көпшілік алдында ойды еркін жеткізу қабілеттерін сынға салды.

Пікірталас қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіліп, тақырыптары ауылдық мектептердің жағдайын жақсарту мен танымал мектептерді ауылдарға көшіруден бастап, саяси және әлеуметтік мәселелерге дейін кең ауқымды болды. Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары бұл сайыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ағылшын лигасында 1 орынға және орыс лигасында 3 орынға ие болды. Сонымен қатар, осы мектептің бір оқушысы «Үздік спикер» атағын иеленді, бұл клуб мүшелерінің бірнеше жылдық еңбегі мен өзара тәжірибе алмасуының нәтижесі екенін көрсетеді.

– Пікірсайысқа қатысу – тек сөз сөйлеу дағдыларын дамытып қана қоймай, сонымен қатар әртүрлі пән бойынша білімді арттырып, эрудицияны шыңдауға мүмкіндік береді. Пікірталасқа қатысу арқылы сұрақтарға екіжақты көзқараспен қарап, кез келген тақырыпты тереңірек түсінуге машықтандым, – дейді Нұрмақов мектебінің оқушысы Эльнара Түсіпова.

Қазіргі таңда Н.Нұрмақов мектебінің пікірсайыс клубында 30-ға жуық оқушы бар. Клуб жетекшісі Айдана Тұтқыштың сөзінше, Қазақстанда пікірсайысқа деген қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Пікірсайыс – оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, өз көзқарасын сенімді түрде қорғауға баулитын таптырмас құрал.

– Турнирде қол жеткізілген жеңіс – балалардың көп жылғы еңбегінің жемісі. Олар түрлі тақырыпты талдап, ойларын жүйелі түрде жеткізуге үйренген. Пікірсайыс барысында жиналған білімді тиімді қолдана білу де маңызды, – дейді Айдана Тұтқыш.

Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектептің пікірсайыс клубы – білімнің биігіне шығуға ұмтылған талантты жастардың ортасы. Пікірсайыс арқылы олар ойлау қабілеттерін дамытып, кез келген тақырыпты тереңнен талдауға үйренуде. Осы жетістіктер жас өрендеріміздің болашақта еліміздің дамуына қосар үлесінің жарқын көрінісі болмақ.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                     

«QH»