Қарағандылық оқушылар жүлдегерлер қатарында
Қарағандылық оқушылар республикалық ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болды.
Тараз қаласында оқушылардың республикалық ғылыми жобалар байқауы төрт бағыт аясында өтті:
– «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде» (физика, техника, жер және ғарыш туралы ғылым);
– «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу» (математика, қолданбалы математика, информатика, экономика);
– «Салауатты табиғи орта – «Қазақстан – 2030» стратегиясын іске асырудың негізі» (биология, химия, қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау);
– «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалы туристік маршруттар» (тарих, өлкетану, тіл білімі, әдебиет, этномәдениеттану, адам және қоғам).
Біздің өңірден республикалық кезеңге 22 жобамен 27 оқушы қатысып, оның 11-і жүлдегер атанды.
Байқау қорытындысында қарағандылық 3 оқушы І дәрежелі дипломмен марапатталды, олар: «Дарын» ММЛИ 9-сынып оқушысы Әйгерім Бегзатқызы және Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ 10-сынып оқушылары Қырмызы Елемес және Қарақат Сабиғолла.
Физика пәнінің мұғалімі Саян Бүлкенов оқушысы Әйгерім Бегзатқызының жобасы жайлы айтып берді:
– Біздің жоба «Органикалық бояғышпен сенсибилизацияланған күн ұяшығын жинау» деп аталады. Әйгерім екеуіміз онымен бір жылға жуық жұмыс істедік. Оны Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың Молекулалық нанофотоника институтында жинадық. Біз оның ерекшеліктері, артықшылықтары мен кемшіліктері қандай екенін білу үшін нақты күн батареясының сипаттамаларын зерттедік. Содан осы өнімімізді жасадық.
Қырмызы Елемес пен Қарақат Сабиғолла «Өлкетану» секциясында «Зерттеуші-географтарды танудың шығармашылық мүмкіндіктері» жобасын ұсынды (Шоқан Уәлиханов шығармалары жөнінде комикстер жинағы).
– Бұл – топтық жоба. Оны мен, жобаның журналист-редакторы және менің сыныптасым Қарақат Сабиғолла, жоба суретшісі дайындадық. Ал жетекшіміз Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ оқытушы-зерттеушісі, география пәнінің мұғалімі Құралай Төлешова болды. Бұл жобаға бір жылдан бері ден қойдық. Жетекшіміз сыныптағы шағын жұмысымыздың республикалық деңгейдегі осындай ғылыми жобаға дейін шығуына мұрындық болды. Бұл арада ең әуелі мұғалімнің ізденісін, бізге деген сенімін ерекше атау қажет. Мұғалімнің еңбегі зор, жетекшілігі бізге бағыт сілтеп, бағдар көрсетті. Жоба ең алдымен облыстық кезеңнен өтті. Онда жүлделі орын алдық. Содан кейін республикаға дайындалдық. Еңбегіміз республикада да еленіп, жүлделі 1-орын алып, алтын медальға ие болдық, – деп түсіндірді Қырмызы Елемес.
Қыздардың жетекшілерінің сөзінше, жобаның мақсаты – ассоциация арқылы ақпаратты жылдам есте сақтау, заманауи сұранысқа сай оқуға құштарлықты оята отырып, визуалды инновация арқылы зерттеушілерді таныту.
– Жобаның заманауи өзектілігі – бүгінгі таңда оқушылардың монотонды мәтіндерге қызығушылығы төмен. Оқушылар мен студенттердің арасында визуалды мангаға деген сұраныс жоғары. Олардың қызығушылығына бейімдеп білім берсек, шығармашылық мүмкіндіктер негізінде зерттеу және оқу дағдысы күшейеді. Бұл жобада Шоқан Уәлихановтың саяхаты мен еңбегін ғана емес, онымен қоса қысқаша өмірбаянын диалог мәтін түрінде қарастырдық. Практикалық құндылығы – суреттерде суретшінің өзіндік стилі көрсетілді. Бірақ сонымен бірге реализмге жақын болсын деген ойға келдік. Яғни мұнда сюжет оқушылар мен Шоқан арасында болып жатыр. Жоба нәтижесі оқушыларға, сонымен қатар мұғалімдерге де қолайлы, өйткені оқытудың жаңа әдістемесі пәнді тиімді оқытуға ықпал етеді және сабақтарды түрлендіреді. Жастардың дамудағы маңыздылығы және инновациялық орта құруда белсенді пайдаланылатын көмекші құрал ретінде көрсеткіміз келеді. Бұл кішігірім жобамыз бірнеше данада мектеп баспасынан шығып үлгерді. Және екінші басылым, Қаныш Сәтбаевқа арналған жинақ, баспаға жіберілді, – деп атап өтті Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ оқытушы-зерттеушісі, география пәнінің мұғалімі Құралай Төлешова.
ІІ дәрежелі дипломға Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицей мен «Дарын» ММЛИ 10-сынып оқитын 2 оқушысы Әміре Қалия мен Дастан Исмаилов ие болды.
ІІІ дәрежелі дипломдарды «Мұрагер» ММЛИ 10-сынып оқушысы Даниэль Новикова, сол мектептің 9-сынып оқушылары Полина Мартынова, Анель Жакулина және Виктория Цой, сондай-ақ Жамбыл атындағы №2 лицейдің 9-сынып оқушылары Ясмин Урушева мен Айша Рымбек алды.
Сонымен қатар «Мұрагер» ММЛИ 10-сынып оқушысы Нұрислам Құрманқұлов және Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ 9-сынып оқушысы Аяулым Әбділдинова мақтау қағазына ие болды.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»