Қарағандылық оқушы SAT емтиханынан жоғары нәтиже көрсетті
Қарағанды облысының оқушысы халықаралық College Board өткізетін SAT емтиханынан 1 590 балл жинап, өңірлік рекордты жаңартты. Жоғары көрсеткіш дарынды талапкерге әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жетістік – табандылық пен сапалы білімнің нәтижесі.
Әлем бойынша жыл сайын 2 миллионнан астам талапкер SAT емтиханын тапсырады. Сол үміткерлердің қатарында 17 жастағы жерлесіміз Кәрім де бар. Ол ең жоғары 1 600 мүмкін балдың 1 590-ын иеленіп, өте жоғары нәтиже көрсетті.
– Бұл нәтижені мен өз тобыммен репетиция жасап жатқан кезде білдім. Шынымды айтсам, алғашқыда сенбей тұрдым, бірақ кейін ұзақ уақыт бойы еңбектенген жұмысымның нақты нәтижесі екенін түсіндім. Мұны естігенде алдымен достарыммен, содан соң анаммен бөлістім, – деді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Кәрім Мұхәділ.
SAT – АҚШ пен әлемнің көптеген университетіне қабылдануға арналған стандартты тест. Бұл емтиханда талапкердің математикалық ойлау қабілеті, сондай-ақ ағылшын тілінде оқу және жазу дағдылары тексеріледі. Кәрім емтиханға бір жыл бойы жүйелі дайындалған, күн сайын кемінде үш сағат уақытын оқуға арнаған. Жоғары деңгейдегі білім беретін университеттерге түсу үшін әдетте кемінде 1 400 балл қажет болса, Гарвард сияқты алдыңғы қатарлы оқу орындары үшін нәтиже 1 500-ден жоғары болуы керек.
– Жалпы емтихан осындай тәртіпте өтеді. Бір сыныпта шамамен 20 оқушы болады және барлығы бір уақытта тесті тапсырады. Ең үлкен қиындық – зейінді бір жерде ұстап тұру және берілген уақытты тиімді пайдалану, – дейді Кәрім Мұхәділ.
Кейіпкеріміз емтиханға дайындықпен шектелмей, халықаралық деңгейдегі зияткерлік жарыстарға да қатысып, табысты нәтижелер көрсетіп жүр. 2025 жылдың наурызында ол Infomatrix Asia халықаралық байқауында қола медаль жеңіп алды. Сол жылдың қазан айында Fizmat AI Olympiad жасанды интеллект олимпиадасында тағы бір қола жүлдеге ие болды.
– Кәрім екінші тапсыруында дәл осындай жоғары нәтиже көрсетті. Алғашқы сынағында да ол 1 500 баллдан асқан еді, бірақ өз көрсеткішін одан әрі жақсартқысы келіп, қайта тапсырып көргенде осы тамаша нәтижеге жетті. Жалпы, Кәрім сабақ кезінде өте мұқият, берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайды. Адамгершілік тұрғысынан үлкенді сыйлау, ұстазға құрмет көрсету сияқты қазақы тәрбиені бойына сіңірген, – дейді математика пәнінің мұғалімі Өнер Есентай.
Оқуда үздік көрсеткішке ие Кәрім спорт пен өнерге де қызығушылық танытады. Ол волейбол ойнап, кахон музыкалық аспабында шебер ойнайды және әуендерді компьютер арқылы өңдеуге әуес. Болашақта ол Computer Science немесе жасанды интеллект саласында білім алуды жоспарлап отыр. Қалаған оқу орындарының қатарында Гонконг, Оңтүстік Корея, АҚШ және бірнеше Еуропа мемлекеті бар.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


