Қарағандылық өнерпаздардың Оман еліне сапары
Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің шығармашылық ұжымы Оман Сұлтанатына гастрольдік сапармен барып, халықаралық мәдени алаңда Қазақстанның бай рухани мұрасын таныстырды. Ресми шақыру негізінде Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі Маскат қаласындағы Корольдік опера театрының сахнасында өткен Бүкіләлемдік музыка және би фестиваліне қатысты.
Аталған өнер ордасы – халықаралық мәдени диалог пен рухани алмасудың маңызды орталығы саналады. Араб әлеміндегі ең көркем әрі беделді мәдени нысандардың бірі болатын Корольдік опера театры жыл сайын түрлі елдің таңдаулы шығармашылық ұжымдарын қабылдайды. Осындай жоғары деңгейдегі сахнада өнер көрсету қазақстандық өнерпаздар үшін үлкен мәртебе болды.
Фестиваль аясында қарағандылық өнер ұжымдары ұлттық музыкалық және хореографиялық дәстүрдің өзіндік ерекшелігін паш етті. Күй мен дәстүрлі әндер, халық билерінің көркем үйлесімі шетелдік көрерменнің зор қызығушылығын тудырып, қазақ мәдениетінің терең тамыры мен көркемдік байлығын айқын көрсетті.
– Бұл фестиваль мәдениет пен өнердің ортақ тіл екенін көрсетті. Біз жергілікті көрерменге Қазақстанның бай мәдени мұрасын, төл әуендері мен ұлттық билерін таныстырдық. Осындай беделді халықаралық сахнада өнер көрсету – әрбір әртіс үшін зор мәртебе әрі кәсіби тұрғыдан баға жетпес тәжірибе, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән орындаушысы Сержан Мұсайын.
Бүкіләлемдік музыка және би фестиваліне Бахрейн, Мексика, Венгрия, Оман және Қазақстан елдерінен келген шығармашылық ұжымдар қатысты. Мәдени шараға Маскат қаласының басшылығы, Қазақстан Республикасының Оман Сұлтанатындағы төтенше және өкілетті елшісі Айдарбек Әнуарбекұлы, сондай-ақ халықаралық мәдени қауымдастықтың өкілдері жиналды.
Оман жұртшылығы қарағандылық өнерпаздарды жылы қабылдап, олардың жоғары кәсіби деңгейі мен сахналық мәдениетін ерекше атап өтті. Қарағанды ұжымдары фестиваль сахнасында алғашқылардың бірі болып өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Гастрольдік сапар барысында өнерпаздар тек өз өнерін таныстырып қана қоймай, Араб Шығысының бай мәдениетімен, ұлттық дәстүрлерімен және тарихи құндылықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»


