Қарағандылық өнерпаз Гран-при жеңіп алды

Қарағандылық Қуаныш Мақсұтов Қырғызстанда өткен «Поющий Иссык-Куль – 2024» халықаралық авторлық ән фестивалінің Гран-при иегері атанды. Әлемге танымал ән авторлары мен орындаушылар, бардтар қатысқан өнер додасындағы қазақ барды мен шансонының, қазақтың авторлық әнінің халықаралық аренадағы алғашқы жеңісі.

Халықаралық авторлық ән фестивалі биыл екінші рет ұйымдастырылды. Өнер додасында АҚШ, Мальта, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстаннан келген қырық сегіз орындаушы бес аталым бойынша бақ сынасты.

Фестивальдың «Ұлттық әндер авторы» аталымы бойынша Қазақстанның атынан өнер сайысына түскен Қарағанды облысының өкілі Сұлупаң Сұлтанова өзінің «Іңкәр көңіл» әнін орындап, Халықаралық фестивальдың дипломанты атанды.

– Бардтық музыка мен авторлық музыканың басын қосқан жер бетінде екі фестиваль: ол Грушин фестивалі, онан соң екінші жыл Қырғызстанда осы «Поющий Иссык-Куль» фестивалі өткізілуде. Барлығы бес аталым болды, әрқайсы бойынша жеке лауреаттар атанды, ең басты жүлде Гран-При маған бұйырды. Мен «Қотыр тайды» орындадым. Төрешілер алқасы өте мықты болды, маған ұнағаны төрешілер алқасы қатысушылардың барлығын алдын ала тыңдап, тек мықтыларды ғана шығарды. Қырғыз өнерін, қырғыз мәдениетін насихаттау мақсатында «Ұлттық өнер авторлары» деген аталым енгізген екен. Сондай-ақ фестивальде жеке концерт беруге мүмкіндік туды, – деді Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, ақын Қуаныш Мақсұтов.

Сонымен қатар, Қарағанды облысының тағы бір өкілі – Сұлупаң Сұлтанова фестивальдің дипломанты атанды. Ол «Ұлттық ән авторлары» аталымы бойынша өзінің «Іңкәр көңіл» әнін орындады.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»