Қарағандылық мұғалімдер математикадан республикалық олимпиадада бірінші орын иеленді

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен және Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының қолдауымен Өскемен қаласында математика пәні мұғалімдеріне арналған «Математикалық регата» республикалық олимпиадасы өтті. Олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен жиналған 22 команда, сондай-ақ НЗМ және РФММ өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиаданың мақсаты – мұғалімдердің кәсіби қызметте жоғары нәтижеге жетуге деген құштарлығын арттыру.

Олимпиада ұстаздар білімінің тереңдігі мен кеңдігін, сондай-ақ оны тәжірибеде қолдана білу қабілетін негізге алатын төрт кезеңнен тұрды. Қазылар алқасының құрамына қатысушылардың жұмысына объективті және кәсіби баға беретін тәжірибелі оқытушылар және университет профессорлары шақырылған.

Олимпиада қорытындысында Қарағанды облысының «САРЫАРҚА_09» математика мұғалімдерінің командасы бірінші орынға ие болды.

Қарағанды командасының құрамында Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ математика пәнінің мұғалімі Ақниет Ілиясов, Саран қаласының №1 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Наталья Медведева, «Дарын» ММЛИ математика пәнінің мұғалімдері Нұрсара Мақсұтова мен Бибігүл Аймағанбетова болды.

– Олимпиада бесінші рет өткізілуде. Оған облысымыздың үш мектебінің математиктері қатысты. Байқау төрт кезеңнен тұрды. Әр тур үш тапсырмадан тұрады. Барлық тапсырма ерекше болды. Тапсырмаларды белгілі бір уақыт ішінде шешу үшін командада жұмыс істедік. Нәтиже әр кезеңде жиналған ұпай санына байланысты болды. Команда капитаны Ақниет Ілиясов болды. Жарысқа жолда пойызда және ертерек барғандықтан қонақүйде дайындалдық. «Математикалық регата» республикалық олимпиадасы біз үшін шығармашылық дамуға әсері мол жарыс болды, – деді «Дарын» ММЛИ математика пәнінің мұғалімі Нұрсара Мақсұтова.

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері I, II, III дәрежелі дипломдармен және грамоталармен марапатталды.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»