Қарағандылық кәсіпкерлер қаржы вице-министрімен салық реформаларын талқылады
Қарағандыда ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков пен өңірдің кәсіпкерлері арасында ашық диалог өтті. Кездесуде салық реформаларына қатысты маңызды мәселелер көтеріліп, бизнес қауымдастық өз ескертулері мен ұсыныстарын білдірді. Қарқынды пікірталас кезінде түрлі сала өкілдері өз ойларын ортаға салды.
Кездесуге қатысқан 19 кәсіпкерлік субъектісінің өкілдері салық реформаларына қатысты баяндама жасады. Олар жаңа салық саясатының бизнеске ықпалы, салық жүктемесін әділ бөлу, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелерін көтерді. Кәсіпкерлер өз ұсыныстарында салық саясатының икемділігі мен оның бизнес жүргізуге тиімділігін арттыру қажеттігін баса айтты. Еске сала кетейік, 7 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада бизнес өкілдерімен кездесіп, Үкіметке қосымша құн салығы мөлшерлемесі бойынша мәселені пысықтауды тапсырған болатын. Осыған байланысты жұмыс топтары өңірлерде жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, салық реформаларын талқылауды қолға алды. Бұл кездесулердің басты мақсаты – бизнестің нақты ұсыныстарын ескеру және оларды заңнамалық деңгейде қарастыру. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, салық саясатына өзгерістер енгізу барысында сараланған тәсіл қолдану жоспарланып отыр.
– Жалпы қосымша құн салығы мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу ұсынылады, ал ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтан толық босату көзделіп отыр. Сондай-ақ, кейбір салалар үшін аралық мөлшерлемені 10% деңгейінде енгізу қарастырылуда, – деді қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.
Сонымен қатар, қосымша құн салығы бойынша қолданыстағы есепке қою шегін 80 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылған. Алайда кәсіпкерлер бұл өзгерістің бизнеске қосымша жүктеме түсіретінін айтып, нөлдік қосымша құн салығын қолдану аясын кеңейтуді ұсынды.
– Бүгінде ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер қосымша құн салығынан босатылған. Алайда ет өңдеу кәсіпорындары өндірістік тізбектің қисынды жалғасы бола тұра, бұл жеңілдіктен шет қалуда. Бізге тең жағдай жасау керек. Бұл шешім салықтың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ет өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді, – дейді, ет өңдеу саласының өкілі, кәсіпкер Денис Дедов.
Теміртаулық кәсіпкер, республикалық қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Марина Бошель В2В сегментіндегі бизнестің салықтық ауыртпалығы мәселесін көтерді. Кәсіпкерлер тұрғын үй құрылысы, заң және бухгалтерлік қызметтер, сауда және басқа да салалардағы салық реформаларына қатысты ойларын ортаға салды. Өңірлік кеңес мүшесі Николай Абт көлеңкелі экономикамен күрес, жекелеген салаларды монополиясыздандыру, мемлекеттік активтерді жекешелендіру, сондай-ақ ірі шикізат компанияларына берілетін салық жеңілдіктерін қайта қарау қажеттігін ұсынды. Ол экономика мен бизнесті дамытудағы ықтимал тәуекелдерге егжей-тегжейлі талдау жүргізу қажеттігін атап өтті. Кездесуге қатысушылар шағын және орта бизнестің мүдделерін ескеруді сұрап, бұл сектордың ел экономикасын дамыту мен жұмыс орындарын көбейтуге қосар үлесін ерекше атап өтті. Барлық ұсыныс «Атамекен» ҰКП арқылы ҚР Қаржы министрлігіне жолданады. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков бизнес өкілдерінің көтерген мәселелері назарға алынатынын айтты.
– Жақсы диалог болды. Көптеген ұсыныс айтылды, барлығын жазып алдық. Әрине, талқылаймыз. Біз өңірлерді аралауды жалғастырамыз. Кейбір ұсыныстың ұқсас екенін байқадық. Сондай-ақ, жаңа салық кодексінде қарастырылған мәселелер де қозғалды. Жұмыс Парламент деңгейінде де жалғасады, – деп атап өтті, қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.
Бұл кездесу бизнес пен билік арасындағы ашық диалогтың маңызды қадамы болды. Кәсіпкерлер ұсынған өзгерістер болашақ салық саясатына елеулі ықпал етуі мүмкін. Алдағы уақытта осы ұсыныстар заңнамалық деңгейде қаралып, еліміздегі салық жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталатыны күтілуде.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»