Қарағандылық Jayauman кезекті қашықтықты бағындырды

Асхат Қажытай – жаяу жиhанкез, Бейбітшілік елшісі, «Әлемді жаяу аралаймын» жобасының авторы, трэвел-блогер. Барлығы оны «Жаяу адам», «Jayauman» деп атайды.

Ол 2021 жылы Қарағанды облысының ең биік шыңы Ақсораңға (1565 м) дейін 7 күн ішінде 333 км жаяу жүріп барды. Сол жылы Ұлытаудағы Әулиетау (1131 м) шыңына да 777 км жаяу жүріп, ауқымды ультра-марафонын абыройлы бағындырды. Соңғысында оң тізесінен жарақат алып, дәрігерлердің кеңесімен алдағы «Түркия –Түркістан 5555 км» жобасын екі жылға шегерген.

Тіпті сол екі жылда жаттығу жасай алмай салмақ қосып алған екен. Дегенмен үлкен сапарларға іштей психологиялық тұрғыда дайындала бастаған.

Осылайша марафондарын 2024 жылдың жазына жоспарлайды. Әлемнің екі әйгілі спорт шарасы қарт құрлықтың көршілес елдерінде қатар өтетін естіп, жолға дайындалады.

«Мұндай мүмкіндікті құр жіберуге болмас деп, соңғы бір жылда физикалық форманы реттеуге кірістім. Салмақты 120 дан 88 ге дейін түсірдім. Бойға жүк болған 30 келімен қоштастым. Сапар барысында тағы түсетіні анық. Уақыты жеткенде Еуроның шымылдығын түрген Мюнхен мен Олимпиада өткізетін Париж шаhaрларының арасында жаяу ультрамарафонға жолға шықтым. Бағыт қашықтығы 1111 км болды», – дейді ультрамарафоншы.

Жаяу жиhанкез бұл сапарға бір жыл бойы физикалық-психологиялық тұрғыда дайындалған екен. Еуропаға шенген виза алып, 7 шілде күні Астанадан Франкфурт арқылы ұшып, Мадридке жетеді. Испания астанасында Еуропаның ауа-райына бейімделіп, әйгілі Реал командасының стадионы Сантьяго Бернабеуге дейін 33 км жаяу жүріп қайтады. Осылайша сол қаладағы соңғы дайындығын пысықтайды.

– Мадридтен Мюнхенге барар жолда форс-мажор болды. Менің билетім «Мадрид-Измир-Мюнхен» бағытына алынған болатын. Маған ұшаққа билет алушылар визаның толық жағдайын түсінбей, қателескен екен. Мұны біз Измирге қонып, келесі ұшаққа беттеп бара жатқанда бірақ білдік. Аэропорт қызметкелері «сіз Мюнхенге ұша алмайсыз» дегенде төбемнен жай түскендей болды. Жоспарымның күл-талқаны шыққанын түсіну қандай қиын еді. Сөйтсек, шенген виза аймағынан шығып кетіппін. Бұл рейс Мюнхенге бағытталғанмен, аяғым Түркия топырағын басып қойғандықтан келесі ұшағыма міне алмадым. Тіпті Мюнхенде өтетін Франция-Испания арасындағы футбол матчына да билетті реттеп қойған едік. Осылайша Еуропаға сапар сәл шегеріліп, екінші жоспарланған Анкара-Батуми бағытына жолға шықтым, – деп бөлісті Асхат Қажытай.

Сонымен Jayauman Анкара қаласын 30 км шарлап, ертеңінде Батумиге жолға шығады. Жалпы сапар 24 күнге созылған. Жолда Чорум, Орду, Самсун сияқты Түркияның 20 дан астам үлкен-кіші қалаларын басып өткен. Трабзон қаласында Абай монументіне арнайы соғыпты. Әйгілі Қара теңіздің бойындағы жерлердің табиғатының әсемдігіне тамсанып, туристер үшін барлық жағдай жасалғандығын ерекше атап өтті.

Айта кетейік бұл жерлесіміздің шетелдегі алғашқы жаяу ультрамарафоны.  Жүру қашықтығын бәрін Garmin сағаты арқылы өлшеп, күнделікті жүрген жерлерін әлеуметтік желі арқылы тікелей жариялап отырған.

Ол сапарлары жайында қазақ және ағылшын тілінде «Жаяудың жазбасы» атты мотивациялық кітап жазып жатыр. Оның тұсаукесері қазан-қараша айларына жоспарланған.

– Жобанмың мақсаты – ең алдымен жаяу жүруді насихаттау, маңызын түсіндіру. Жаяу жүру арқылы әлемге Бейбітшілікті насихаттау, табиғатты, қоршаған ортаны қорғауға, салауатты өмір салтын сақтауға шақыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып жүрген креативті экономика бағытын қолдау. Шетелдегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігін таныстыру. Париж Олимпиадасына қатысушы спортшыларды қолдау. Қазақстан туризмін дамытуға шетелдік туристерді қызықтыру. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, – дейді ол.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»